«Орталық Азия-Қытай» газ құбырымен көк отынды тасымалдау 2017 жылы 13 пайызға артып, 38 миллиард текше метрді құрады. Салалық ведомствоның мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келісім бойынша, аспан асты еліне жеткізілетін табиғи газдың көлемін келер жылдың соңына дейін 10 миллиард текше метрге дейін арттыру көзделген. Атап өтсек, газ құбыры Өзбекстан мен Қазақстан аумағын басып өтіп, Шыңжаң-Ұйғыр автономдық аймағындағы Қорғас қаласына дейін жетеді. Алғашқы желісі 2009 жылы пайдалануға берілсе, бүгінде қатарынан 3 желі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ал олардың жалпы өткізгіштік қабілеті жылына 55 миллиард текше метр газды құрайды. 2020 жылға қарай Қытайдың газға деген сұранысы 340 миллиард текше метрге дейін өседі деген болжам бар, соның ішінде 120 млрд-ы импортқа тиесілі.

ЕРКІН КУРЧАТОВ, «АЗИЯ ГАЗ ҚҰБЫРЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- «Азия газ құбыры» – Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың классикалық үлгісі.  Біздің жобамыз Қазақстан Республикасына экономикалық өсім мен әлеуметтік жеңілдіктер береді. Бүгінде екі ел арасындағы ауқымды жоба халықтар достығын нығайтып, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыруға үлесін қосып келеді.

ЮЙ ЖУЙЧЭН, «ҚОРҒАС» БАҚЫЛАУ ӨТКІЗУ ПУНКТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:  

 - Біз бақылаушы орган ретінде Қытай коммунистік партиясының 19-ші съезінде айтылған бастамаларды қолдаймыз. Іркіліссіз газ жеткізілімдерін қамтамасыз ету үшін кедендік рәсімдерді жеңілдетуді жалғастырамыз.

Қытай халқы тұтынатын табиғи газдың жалпы жылдық көлемінің кем дегенде 15 пайызы Орталық Азия елдерінен жеткізілетінін атап өту керек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер