Қазақстанның көмір өндіруші компаниялары саланы әртараптандыруға көшті. Ішкі нарықты қамтамасыз ету – бірінші кезектегі міндет. Ал, өнімнің сапасын экспорттық деңгейге көтеру – уақыт талабы. Павлодар облысындағы энергетика саласына көмір өндіретін «Богатырь» кеніші өткен жылы тұтынушысына 41 миллион тонна қатты отын жеткізіпті.  Осылайша, көмір өндіру көлемі 17 пайызға артқан. Ал, «Восточный» кеніші болса өнім көрсеткішін 1 миллион тоннаға арттыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын алғашқылардың бірі болып байытылған отын алуға көшті. Енді аз мерзімде отандық нарыққа көмірдің жаңа түрімен шықпақ.   Фракцияланған көмірдің артықшылығы көп. Біріншіден қызуы қатты, толық жанатындықтан қалдығы аз. Жоба жылына 300 мың тонна көмір алуға есептелген. Кәсіпорын басшылары қатты отынның бұл түріне тұтынушылар биылдың өзінде қол жеткізеді дейді.

ЮРИЙ ГОНЧАРОВ, КӨМІР КЕНІШІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз көмірді байытуға байланысты жобаны қолға алдық. Ол  жұмысын бастаған күннен-ақ тұтынушыны байытылған, орташаландырылған тауарлы көмірмен қамтамасыз ете  бастаймыз.

Көмір кеніштерінде байыту фабрикаларын салу Энергетика министрлігінің басты талабы болмақ. Бұл туралы облыс кеніштерін аралау барысында еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. Өндіру ісін жетілдіру, өнім сапасын арттыруға баса назар аударылатын болады, деді министр.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - Егер де кенішке озық технологиялар енгізілмесе, көмірдің сапасы қажетті кондицияға дейін жеткізілмесе және  алынатын өнім түрі экспорттық деңгейге көтерілмеген жағдайда біз олармен  келісім-шартты ары қарай ұзартпаймыз.

Көмірдің жаңа түрін шығаратын мына зауыттың жұмыс істегеніне бір жылдан асты. Кәсіпорын 12 айда 17 мың тонна брикеттелген қатты отын өндіруге қауқарлы. Қатты отынды өңдеу оңтүстіккореялық технология бойынша жүргізіледі және қосымша құны жоғары, дейді технолог мамандар. Павлодарлық зауыттың ТМД бойынша баламасы жоқ.

ШАЛҚАР БАЙКЕНОВ, ТЕХНОЛОГ:

 - Көмірді алдымен сазбалшықпен араластырып алып ұнтақтағышқа саламыз. Арнайы жасалған ұнтақтағышпен көмір кәдімгі тозаңға айналады. Содан кейін су қосылып, тығыздалып брикетке айналады.

Шикізат облыс аумағындағы Майкөбе және Шұбаркөл кеніштерінен алынып жатыр. Отандық өнімге Ресейдің Алтай өлкесі, Новосібір және Омбы облыстарынан жиі тапсырыс түсіп тұрады. Одан арысы, бүгінде Қазақстанның көмірі қазір Ресей порты арқылы шет елдерге экспорттала бастады. Осының өзі оның өндірісін әртараптандыруға жол ашады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер