Қазақстан мен Грекия сауда-экономикалық әріптестікті нығайтуда. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 980 млн долларға жеткен. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Грекия бизнес форумында белгілі болды. Оған екі елдің 200-ден астам бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты. Қазақстандық тарап грекиялық инвесторлар мен технологияның ауыл шаруашылығы саласына келуіне қызығушылық танытып отыр. Сарапшылардың айтуынша, елдердің екіжақты байланыс орнату мүмкіндіктері зор. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қолайлы климат бар. Ал Грекия болса, бұл салада тәжірибе мен технологияларға бай. Қазақстандық тарап грекиялық компанияларды отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын цифрландыруға қатысуға шақырды.

АРЫСТАН ҚАБЫКЕНОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Қазіргі таңда бізде бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі Қапшағай қаласындағы аяқ-киім фабрикасының құрылысы. Сондай-ақ Ақмола және Маңғыстау облыстарында да бір-бір жобадан қолға алынған. Яғни алғашқы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта бірлескен жобалар санын арттыруды жоспарлаудамыз.

ГЕОРГЕОС КАРТУГАЛОС, ГРЕКИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің экономикаларымыз, саяси – экономикалық стратегияларымыз бір-бірін толықтырады. Қазақстан Еуразия жүрегінде орналасқан. Ал Грекия – Азия мен Еуропа арасындағы көпір. Біз Еуропалық одаққа мүшеміз. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақпен бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан сынды біз де Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жұмыс істейміз.

Форум аясында екі елдің кәсіпкерлері арасында іскерлік кездесулер өтті. Олар, негізінен, логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, құрылыс индустриясы, IT, фармацевтика және косметология салалары бойынша байланыс орнатуға ниетті. Форум қорытындысы бойынша Грекияның SEV кәсіпорындар федерациясы мен Қазақстанның сыртқы сауда палатасы арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер