Қазақстан мен Қытай жалпы құны 3 млрд доллардан асатын 35 жобаны жүзеге асырмақ

Қазақстан мен Қытай әріптестігі тың жобалармен толығып, жалпы құны 3 млрд доллардан асатын 35 жобаны жүзеге асыруға байланысты келісім жасалады. Жобалар сауда, өнеркәсіп, ғылым, білім және туризм секілді салалармен тығыз байланысты. Келіссөздер «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында өткен бизнес форумда жасалды. Форумға 100-ден аса қытайлық және қазақстандық кәсіпорын өкілдері қатысты.

ҚАХАРМАН ДЖАЗИН, «ҚОРҒАС» ШЫХО» АҚ ӘКІМШІЛІК КОМИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Жаркент пен Қорғас қалаларының арасындағы достық туралы келісімге қол қойылды. Бұған қоса, біз биыл сауда кешені, қонақ үйлер, бизнес орталығы сияқты жаңа нысандарды пайдалануға бермекпіз. Ойын-сауық орталығының құрылысы басталады. Бұл нысандар қытайлық туристерді тартады.

ЮЙ ЧЭНЧЖУН, ҚОРҒАС ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Осы бизнес форумның арқасында біз қазақстандық компаниямен келісім жасадық. 120 миллион юань инвестиция салатын ойымыз бар.

Инвесторлар мен кәсіпкерлердің тікелей диалогы түрінде өткізілетін мұндай форум Қорғаста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар жиында өздерін толғандырған барлық мәселені талқылады. Кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай жиын іскерлік туризм, сауда, мәдениет және гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. 

У ХАО, «ҚОРҒАС» ЕРКІН ЭКОНОМИКА АЙМАҒЫ ӘКІМШІЛІК КОМИТЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында «Қорғас» шекара ынтымақтастығы орталығында тың нарықты игеретін мүмкіндіктер пайда болды. Бұл жерде Қытай ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД елдері мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекеттерге шығуға болады. Бұл бірегей жобаның екі ел дамуына үлес қосатынына сенімдімін.

Айта кету керек, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы таяуда еркін экономикалық аймақ мәртебесіне ие болды. Енді кәсіпкерлер негізгі салықтан босатылып, әлеуметтік салықты ғана төлейді. Форумға қатысушылардың айтуынша бұл жеңілдік Қытай инвесторларын Қазақстанға көптеп тартуға септігін тигізбек.