Қазақстан әскери қару-жарақты жөндеп, оны шетелге экспорттамақ. Ал жөндеуге келмейтіндерін жояды. Бұл шара ел iшiнде қару-жарақтың көлеңкелi айналымының алдын алу үшін қажет. Осы мақсатта салалық ведомство «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» және кейбір заң актілеріне қорғаныс және аэроғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Авторлар жаңа құжатта экспортқа шығару шартымен мүлікті сату ерекшеліктерін көрсетіп, жөндеу, жаңғырту мүмкіндіктеріне тоқталған.

БЕЙБIТ АТАМҚҰЛОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСIБI МИНИСТРI:

 - Министрліктің құрылуының арқасында бiз әскери маңызды өнiмдердiң экспортын 2 есе, яғни 100 пайызға ұлғайттық. Өнеркәсiптiк өндiрiс көлемi 14 пайызға артты. Қорғаныс саласына жеке меншiк инвесторлар келе бастады. Заңда қолданылмайтын әскери техника мен қара-жарақты экспорт шартымен сату ерекшеліктері ұсынылған.

Сонымен қатар, жаңа заңға сәйкес, қазақстандық ғалымдарға қорғаныс саласының тапсырыстары бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Құпия деректермен зерттеу жүргізетін ғылыми-техникалық комиссия құру жоспары да бар.  

БЕЙБIТ АТАМҚҰЛОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСIБI МИНИСТРI:

 - Қазіргі уақытта ғылыми зерттеу жүргізу «Ғылым туралы» Заңмен реттеледі. Ондағы процедуралар мемлекеттік құпияларға қатысы бар зерттеулер жүргізуге жол бермейді. Заң шеңберінде ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қарастырып, ғылыми жобаларды қаржыландыруға кеңес беруді ескере отырып, Үкіметтің жанынан қорғаныс ғылыми-техникалық комиссиясын құру ұсынылмақ.

Салалық министрліктің тағы бір ұсынысы – Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қорын құру. Мұндай қадам қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің ғылыми-техникалық әзірлемелерін және ұйымдарын жаңғыртуды қаржылық қолдау үшін қажет.

БАҚЫТЖАН ЕРТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Қазір қорғаныс өнеркәсібі үлкен тірлікті істеп жатыр. Өзіміздің отанымызда, өзіміздің жерімізде қару-жарақ шығарамыз. Тағы да өзге керекті заттарды шығарамыз. Ол бөлінген ақша өзімізге келеді. Жастарымызға жұмыс табылады. Жұмыс тобы көптеген мәселерді қарады. Қарулы күштердің генералдары болды ол жерде.

Қазақстан қазірдің өзінде шетелге әскери техника мен қару-жарақтарды экспорттайды. Мысалы, Астанадағы зауыт «Барыс» және «Арлан» бронетранспортерлерін өндіреді. Отандық өнім Таяу Шығыс, ТМД және Африка құрлығы елдеріне жеткізіледі. Сонымен қатар, біздің әскери машиналар Иорданияға да экспортталады. Қазіргі таңда Кувейт, Сауд Арабиясы және тағы басқа бірқатар мемлекеттермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, отандық технологиялар баға мен сапа жағынан бәсекеге қабілетті. Ал күндізгі және түнгі уақытта бақылауға арналған қазақстандық электрондық-оптикалық құралдарды негізінен ТМД елдері сатып алушылар көп. Алдағы уақытта экспорт ауқымын кеңейтіп, жеткізу бағыттарына Орталық Азия, Түркия мен Ресей елдерін енгізу жоспарлап отыр.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер