Ақтөбе облысында агрокластерлік жүйенің табысты жүргізілуі сыртқы нарыққа жол ашты

Ақтөбе облысында агрокластерлік жүйенің табысты жүргізілуі сыртқы нарыққа жол ашты. Қазір облыста 300-ден астам ұсақ шаруашылық топтасып, ірі ет өңдеу кешеніне айналған. Ет комбинаты малды тірі салмақпен өлшеп, етті кез келген уақытта қабылдап алады. Кешенде ірі қараны бордақылау мәселесі де шешілген.

САМАТ ҚАЛДЫҒҰЛОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Етті бізде өзіміздің  бордақылау алаңымыз бар, якорный серіктестеріміз бар, 17 тығыз серіктестеріміз бар. Одан қалды, әруақытта жыл сайын мал қабылдап, бордақылауға қойып, соның етін аламыз. Қазір бізде ет кластері деп айтуға болады.

Ет компаниясы 2012 жылы 600 бас малмен ашылған, бүгінде мұнда 8 мың ірі қара бар. Кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істеп, ет өнімінің бірнеше түрін дайындайды. Еті сылып алынған сүйек пен малдың тұяғына дейін ұнтақталып, одан балық жемі мен ит азығы дайындалады. Комбинаттағы автоматты желі сағатына 15 ірі қараны сойып, өнімін дайындап береді.  Бұл өнімдер ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, енді көршілес елдерге экспортталып жатыр.

ВАХТАНГИ ДЖИДЖИЕШВИЛИ, ЕТ ӨҢДЕУ КОМБИНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мынау дайын өнім, мұздатылған, сүйексіз ет. Бұл өнімді Ресейге экспортқа шығаруға дайындап қойдық. Ол жақтағы қоғамдық тамақтау орындары алады. Келесі жылы экспорт көлемін ұлғайтамыз.

Жергілікті консерві цехы  да  Ресейдің бірнеше облысымен  келісім-шарт жасасыпты. Одан бөлек әскери бөлімшелерді консервімен қамтамасыз ету жоспарда бар.  

Жамбыл облысындағы Жуалы ірімшік зауыты да өнімдерін  Ресей нарығына шығармақ. Кәсіпорын мемлекет қолдауының арқасында заманауи қондырғылар сатып алып, құрал-саймандарын жаңалады. Енді биылдан бастап қуаттылығын еселеп, өнімінің 60 пайызын экспорттайды.

Бүгінде кәсіпорын 141 сүт өткізуші шаруақожалықтарынан тәулігіне 12 тонна сүт қабылдайды. Өндіріс ошағы ірімшіктің 5, сүттің 4, сары майдың 2 түрін шығарады. Мұндағы өнімдер экологиялық таза әрі сапалы сүттен дайындалып жатыр. 

ӘБДІБЕК ПОШҚАЕВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

 - Елбасының Жолдауында өндірілген өнімді арттыру, экспортқа шығару. Бұл мәселе де біздің зауытта қолға алынып, биылғы жылы 2018 жылы Мәскеу қаласында екі компаниямен келісім-шартқа отырып өндірілген өнімнің 60 пайызын Ресей мемлекетіне шығарсақ деген жоспарымыз бар.