ТМД елдерінде шұбат ұлттық сусыны танымал болып келеді

ТМД елдерінде шұбат ұлттық сусыны танымал болып келеді. Алматы облысының Іле ауданындағы «Дәулет Бекет» кәсіпорны жылына 3 жарым мың тонна шұбат, 500 тонна ет өндіреді. Шаруашылықтың ауқымы кеңейіп жатыр. Кәсіпорын басшылары дертке таптырмас дауа болатын қазақтың ұлттық сусынын ТМД елдеріне экспорттауға кірісті. Мысалы, көршілес Ресейге жылына 15-20 тонна шұбат сатады. Сонымен қатар, қышқыл сусын биошұбат шығаруды да қолға ала бастапты. Түйе сүтінің құрамында дәрумендер жетерлік, емдік қасиеттерге бай әрі тұтынушылар арасында да сұраныс артып келеді. Биошұбат өндіру бүгінде бірінші орында тұр. Кәсіпорында жаңа сауылған сүттің  құрамын егжей-тегжейлі тексеретін арнайы зертханасына бар. Ондағы құрал-жабдықтар толығымен автоматтандырылған.

МАРЖАН САЛМАНОВА, ШҰБАТ ӨНДІРУ ЦЕХЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:

 - Жаздың күндері 5-6 тонна сүт келеді, соны өңдейміз. Қыстың күндері азаяды, 2-3 тоннадай болады. Қазақстанның түкпір-түкпіріне, жан-жақтарға, Ресейге де жіберіп жатырмыз.

Түйе сүтінен жасалған қышқыл сусынға тек ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұраныс артып келеді. Болашақта компания өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Қазір фермада шамамен төрт мыңға жуық түйе бар.

СЫДЫҚ ДӘУЛЕТОВ, КӘСІПКЕР:

 - Біздің қазіргі мал бағып отырған жеріміз - Іле ауданы. Оның ішінде Сарытауқұм деген құм. Арғы жағы Ілемен жалғасып жатыр. Өте ыңғайлы. Бәріміз қала айналасына жинала бермей, осындай далада, игерілмей жатқан жерлерде төрт түлігімізді өсірсек, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстанда еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Тек қана ниет болу керек.

Сарапшылардың пікірінше, түйе шаруашылығын мал шаруашылығының жетекші бағыттарының біріне, ал шұбат ұлттық сусынын сыртқы нарықтағы қазақстандық брендке айналдыруға мүмкіндік орасан.