Қазақстан мен Жапония әріптестігінің әлеуеті зор. Күншығыс елі Қазақстанмен түрлі салаларда байланысты нығайтуға ниетті. Жапониялық компаниялар отандық өнеркәсіпке инвестиция бағыттамақ. Технологиялармен алмасу да жоспарда бар. Мұнымен қоса, елдер жаппай қырып-жою қаруын таратпау бойынша да стратегиялық серіктес. Бір сөзбен, елдің әріптестікті дамыту алаңы кең.

ИТИРО КАВАБАТА,  ЖАПОНИЯНЫҢ ҚР-дағы ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Біздің екіжақты байланыс жаңа деңгейге көтерілді деп айта аламын. Бұл мемлекет басшыларымыздың кездесулерінің арқасында  мүмкін болып отыр. Өткен жылы Қазақстан мен Жапония дипломатиялық байланысының 25 жылдығын атап өттік. Сонымен қатар «ЭКСПО» халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Оған түрлі саладағы мамандар келіп, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Нәтижесінде елдеріміздің байланысы жаңа деңгейге көтеріліп отыр.

Қазақстандық сарапшы Вячеслав Додоновтың айтуынша, біздің елдің саясатында Жапонияның алар орны ерекше. Өйткені оның ірі экономикалық держава екені белгілі. Қазіргі таңда күншығыс елінің технологиялар саласындағы тәжірибесі қызықтырып отыр.  Елбасымыз өзінің жаңа жолдауында осыған ерекше мән берген болатын. Президент жүктеген міндеттерді орындауда Жапония елінің тәжірибесі  үлгі бола алады. Сондықтан сарапшы Жапонияның экономикалық өсімінің түрленуін зерттеп, жаңа монография жариялап отыр.

ВЯЧЕСЛАВ ДОДОНОВ,  КІТАП АВТОРЫ, ҚҒЗИ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Кітап «Экономикалық өсім трансформациясының жапониялық моделіндегі қаржылық факторлар» деп аталады. Ол Жапонияның экономикалық өсімінде қаржылық аспектілер қандай рөл атқарады деген сауалға жауап береді. Еңбектің  Қазақстан үшін де тиімділігі бар. Сондықтан осындай зерттеу жасалып, кітап жарыққа шығып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер