Қазақстандық агроөнеркәсіп кешені экспорттық мүмкіндігін кеңейтті - Kazakh TV

Қазақстандық агроэкспорт көкжиегі кеңейіп келеді. Отандық өндірістер жергілікті сұранысты қамтып қана қоймай, жаңа нарықтарды бағындыруға ден қойған. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданындағы жем комбинаты күніне 600 тонна 34 түрлі мал азығын шығарады. Өнімі бәсекеге қабілетті. Сапасы еуропалық стандарттарға сай келеді.

ЮСУФ АҚЫН, ОПЕРАТОР-ТЕХНОЛОГ:

 - Жабдықтардың барлығын Түркиядан алдық. Сағатына 25 тонна, яғни жылына 450 мың тоннаға жуық жем шығарылады. Біздегі мал азығы кәсіби жолмен түйіршкітелген. Арпа, бидай барлығын облыс шаруалары өткізеді. Сондықтан сапа жоғары. Ешқандай мәселе жоқ.

Кәсіпорындағы автоматтандырылған жүйе өндірісті тиімді жүргізіп басқаруға мүмкіндік береді. Жаңа технологияның көмегімен жем құнарландырылып, байытылады.

ӘУЕЛБЕК ӘБСЕЙІТОВ, ОПЕРАТОРДЫҢ КӨМЕКШІСІ:

 - Бұл істеліп жатқан жеміміз бұзаудың жемі. Бұзау жемінде 12 түрлі витамин бар. Маңыздысы майлылығы, витамині бәрі бар. Бұзау жемін қазір Ресейге жіберіп жатырмыз.

2014 жылы комбинат жанынан жаңа цех салынып, үй жануарларына арналған өнім дайындайтын желі іске қосылды. Бұл кәсіпорыннан шыққан мал азығы құнарлылығымен жоғары бағаға ие. Өндіріс орнының өнімі бүгінде Азияның біраз еліне жеткізіледі. 

АЙВАЗ ОСМАНОВ, КОМБИНАТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанның ішінде сатамыз жемді. Шетелге шығарамыз экспортқа. Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан, Иранға шығарамыз. Тағы алда бүкіл Азияға сатамыз деген жоспар бар. Өте жақсы өнімдер.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында құны 9,5 млрд теңге болатын 56 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұнда қайта өңдеу саласы қарқынды. Сондықтан жергілікті астықты өңдеп, сыртқы нарыққа шығарудың тиімділігі орасан.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер