Еліміздің оңтүстік өңірінде ауылшаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттау көрсеткіші артып келеді. Қызылордада балық аулау мен өңдеу ісінде ілгерілеу бар. Өткен жылы аймақта 7 мың 600 тонна су маржаны сүзілген. Оның 3 400 тоннасы  өңделіп, экспортқа жөнелтілген. Жергілікті зауыт тәулігіне 1 жарымнан 5 тоннаға дейін балық өнімдерін экспорттауға қауқарлы. Кәсіпорын толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталған. Бар-жоғы 2 минуттың ішінде 20 келі балықты тазалайтын өндіріс ошағы енді өнімдерін Еуропадан бөлек Қытайға да экспорттамақшы.

ҒАЗИЗА ҚҰЛНИЯЗ, ТЕХНОЛОГ:

 - Бізде осы жерде Арал ауданына қарасты Бөген елді мекенінде үлкен сервистік дайындау орталығымыз бар. Тастүбек, Үш шоқы деген учаскелерде балық ауланып, жылына маусымдық және тұрақты жұмыспен қамтылған бірнеше бөлімшелеріміз бар.

Жалпы аймақта 8 балық өңдеу зауыты бар. Олар жылына 11 мың тонна дайын өнім шығарады.  Сонымен қатар, өңірде балық қорын сақтау жұмыстары да жүйелі түрде жүреді. Жыл сайын Арал теңізі мен оның маңындағы су айдындарына 15 миллиондай шабақ жіберіледі. Бүгінде қызыл кітапқа енген Арал қаязы балығын көбейту қолға алынып отыр.

ЖАЛҒАС АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Тек өткен жылдың өзінде 3 мың 400 тонна экспортқа балық өнімдері шығарылды. Оның 70 пайызы, 2 мың 200 тоннадай Ресей Федерациясына, 900 тоннаның үстінде Еуропа елдеріне, оның ішінде Дания, Нидерланд мемлекеті, Польша мемлекеттеріне шығарылса, 60 тоннадай бірінші рет Қытай мемлекетіне балық өнімдері шығарылды.

Бүған дейін толық қамтамасыз етіп келген Жамбыл облысындағы ет комбинаты енді өнімдерін сыртқы нарыққа жөнелте бастады. Өткен жылдың соңғы үш айында кәсіпорын 200 тоннадан астам етті экспортқа  шығарған. Енді Иран мен Бахрейн елдеріне мың тоннаға тарта қозы етін экспорттап, алыс-берісті арттырмақ. Кәсіпорынның тәулігіне 1500 бас ұсақ мал мен 300 бас ірі қара етін өңдеуге мүмкіндігі бар.

БЕРІК ЕГЕМБЕРДИЕВ, ЕТ КОМБИНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Толық модернизациядан өтті. Ираннан келген, Пакистаннан келген өзіміздің әріптестерімізбен бірге жаңа технология. Оның ішінде етті 50 градусқа дейін мұздатып, брекет жасайтын жаңа қондырғыларды 100 млн көлеміндегі инвестиция салып әкеліп орнаттық. Иран мемлекеті мен Бахрейн мемлекетімен ұзақ мерзімге келісім-шарт жасадық. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер