АҚШ-пен серіктестік: Теңіз кеніші жобасы

Теңіз кен орнын игеру -  Қазақстан мен АҚШ арасындағы жобалардың ең ауқымдысы.  Қазір «Шеврон» корпорациясы кеніштегі өндірісті кеңейтуге кірісті. Жобаға 3 трлн теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде кеніштен алынатын мұнайдың жылдық көлемі 12 млн тоннаға артып, 37 млнға жетеді. Осы заманғы ең озық технологиямен салынып жатқан мұнай дайындау кешенінің құрлысы қарқынды. Зауыт жалпы салмағы 53 тонналық дербес модульдерден құралады. Құрылыс аумағында 25 мыңнан астам адам еңбек етуде.  

ХЭЙМИШ ПОЛС, ҚАЗАҚСТАН-АҚШ БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРНЫ БАС МЕНЕДЖЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Теңіз кенішін игеру барысында компаниядан Қазақстанға 123 млр доллар инвестиция құйылды. Сонымен қатар, 250 млн доллар әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламаға жұмсалып, оларды іске асыру барысында 1000-нан аса жұмыс орны ашылды.   

Қазірдің өзінде 500-ден астам қазақстандық компаниямен келісімге қол қойылды. Жаңа жобадан кепілді тапсырыс алған отандық кәсіпорындар материалдық базаларын жетілдіріп, мамандар даярлау ісіне кірісті. Құны 12 трлн теңге тұратын жобадан қазақстандық компаниялар 3 трл теңгенің тапсырысын алады деп күтілуде.

САМАТ ӘЖЕНОВ, ОТАНДЫҚ СЕРВИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Теңіз кенішіндегі жаңа жобалар отандық кәсіпорындардың өркендеуіне, қазақстандық үлестің артуына септігін тигізді.  Әсіресе Президент жолдауында айтқандай адам капиталының сапасы да артты.  Мысалы біздің компания қызметкерлерінің 50 пайызы 40 жасқа дейінгілер. Олар үш тілде еркін сөйлейді. Бұл отандық мамандардың әлемдік еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп беруіне бастайтын батыл қадам.

Мамандар пікіріне сүйенсек, батыс өңірде кешенді өндіріліп жатқан Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығарудың жолдары да айқындала бастапты. Өткен жылы Теңіз мұнайын Новороссискі портына жеткізетін Каспий құбыр консорциумы тасымал қуатын арттыра түскен.