АҚШ Қазақстанмен инвестициялық әріптестікті нығайтып келеді. Өткен жылдың алғашқы 10 айында АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1 миллиард 300 миллион доллардан асты. Қазақстан шетелдерге металдар мен өнімдерді, сондай-ақ химиялық тауарларды  экспорттайды. АҚШ-тан машиналар мен жабдықтар жеткізіледі.

2005 жылдан бастап америкалық компаниялар Қазақстанға шамамен 30 млрд. доллар инвестициялады. Қазақстан экономикасына құйылған америкалық инвестиция негізінен – тау-кен өнеркәсібі, жылжымайтын мүлік, қаржы және кәсіби ұйымдар, қауымдастықтар мен бірлестіктер сияқты салаларды қамтиды.

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР КАНДИДАТЫ:

 - Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс тұрақты жүргізіліп келді. Сондықтан, қос елдің ынтымақтастығы табысты әрі сенімді. Америка географиялық жағынан алыс орналасқанымен, арадағы өзара байланыс ешқашан үзілген жоқ.  Олар осы уақытқа дейін біздің өндіруші салаларды дамытуға көмектесіп келді, ал қазір технологиялық өндірістерді бірлесе дамытудамыз.

Бүгінде Америка Құрама Штаттары - Қазақстанның үш ірі экономикалық инвесторының бірі. Көптеген америкалық компаниялар Қазақстанда белсенді жұмыс істейді. Оларға елдегі жобалардың табыстылығы мен одан әрі кеңеюі маңызды. Осы ретте Қазақстанның тұрақты болуы АҚШ инвесторларының үлкен қызығушылығын тудырады. Бұған қоса, кәсіпкерлердің айтуынша, Қазақстан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруда бірқатар жетістіктерге жетті.

ГАРРИ ЭНК, «ТЕҢІЗ» КЕНІШІН ПАЙДАЛАНУ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕР (АҚШ):

 - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен өндіріс көлемі ұлғайып, біздің компания қарқынды дамып жатыр. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі «Теңіз» кен алқабына тиесілі. Бірлескен кәсіпорында он мыңдаған адам жұмыс істейді. Серіктестік жылдарында «Тенгизшевройл» компаниясының Қазақстанға құйған инвестициясы 123 миллиард доллардан асты.

Қазір біздің елімізде АҚШ-тың қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс атқарды, оның 140-ы Қазақстанмен бірлескен жоба. Олар басқа елдерге тауар шығарумен қатар өнімдерді экспорттаумен айналысады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер