Ақтөбе облысының  экспорттық әлеуеті артып келеді. 2017 жылдың он айында аймақтың шетелдермен тауар айналымы 4,1 млрд доллар болды. Оның ішінде, экспорт 3,3 млрд доллар болса, импорт көлемі 0,9 млрд-қа жеткен. Еуразиялық Экономикалық Одағындағы елдерге 964 млн доллардың өнімі экспортталса, ал Ресейге экспорттық өнімнің 96 пайызы жөнелтілген. Оның ішінде отандық кәсіпорындарда өңделген металл бұйымдары мен ферроқорытпа, рельс бар. Сонымен қатар, мұнай өнімдері мен хром және мысқа да сұраныс жоғары. Ал биыл сиыр, шошқа етіне, сүт өнімдеріне экспорт көлемі ұлғаймақ. Жалпы, Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 25 жыл ішінде 12 есеге ұлғайып, 862 млн долларға жетті. Ал, өткен жылы Қазақстан мен  Еуразиялық Экономикалық Одақ аясындағы елдер арасындағы сауда айналымы  30 пайызға артқан еді. 

ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Ферроқорытпа зауыты бар, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты бар, сол металл өнімдері  арқасында үлкен экспорттық өнімдер шығарып отырмыз. Жалпы, 10 айдың көрсеткіші бойынша, экспорт бізде 3,3 млрд долларды құрады, оның ішінде 56 пайызы осы металл бұйымдары. Ал, қалған 40 пайызы бұл минералды өнімдер, мұнай-газ және басқа да химиялық заттар болып табылады.

Импортқа тәуелділіктен арылу – облыстағы басым бағыттардың бірі. Қазір италия технологиясымен жабдықталған, сапалы керамикалық тақтайшалар шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл кәсіпорынның Батыс Қазақстан бойынша әлі баламасы жоқ. Өндіріс орны іске қосылған соң жылына 5 млн шаршы керамикалық тақтайшаны нарыққа шығармақ. Жобаның жалпы сомасы 6 млрд теңгені құрап отыр. Зауыт құрлысы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

СҰЛТАНБЕК ТӘШКЕНБАЙ, АҚТӨБЕ ИНДУСТРИЯЛДЫ АЙМАҒЫНЫҢ МАМАНЫ:

 - Кезінде Хромтауда бізде кермикалық плиталар жасап шығарған, бірақ, мына зауыт шығаратынмен сапасы жер мен көктей. Құрылыс жабдықтарының бәрі, ішіне келетін механизмдері, жабдықтары Италияда дайындалып жатыр. Жобаны жасап жатқан да италияндық компания. Олар өздері бәрін дайындап, осында әкеліп орнатады. Ақтөбенің адамдарын алып, оқытуға дайындап жатыр.

Мемлекеттік бағдарлама 2015-2019 жылдар аралығында 127 млрд теңге болатын 17 ірі жобаны жоспарлапты. Соңғы екі жылда оның 14-і қарқынды жұмыс істеп, мыңға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Көбі металл бұйымдарын, құрылыс материалдары мен минералды заттар шығарады. Тіпті, көліктің ескі дөңгелегін өңдеп, резеңке төсеніш шығаратын цех та бар. Бағдарламадағы қалған 3 жоба биыл аяқталуы тиіс.

АЛМАС МҰҢЛЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ИНДУСТРИЯЛДЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Аталмыш бағдарламаның бірінші бесжылдығында 71 инвестициялық жоба іске асырылған болатын. Бұдан кейін бұл бағдарламаның жалғасы 2015-2019 жылдары 17 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, 2017 жылы 4 инвестициялық жоба іске асырылды. Яғни, мұнай жабдықтары өндірісі, антифриз және химиялық реагенттер өндірісі, жарақатқа қарсы бұйымдар, металл және металл құрастырмалары өндірісі.

Айта кетейік, зауыттардың көбісі арнайы инвесторлар үшін салынған индустриялды аймақта орналасқан. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына енген жобалардың қатары әлі де толыға түспек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер