Жамбыл облысының индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы

Импорт пен экспорттау. Бұл Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің алға қойған мақсаты. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бұл жоспарды жүзеге асыруға көмектеседі. Аймақта жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын 36 инвестициялық жоба қарқынды жұмыс істеп жатыр. Бар-жоғы екі жыл ішінде 23 жоба іске қосылған. Жоспар толық орындалса 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Ал 2017 жылы 13 миллиард теңге көлемінде 10 инвестициялық жоба ашылды.

ТАЛҒАТ ШАЛДАРБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Биылғы жылдың ең ірі жобалары - гипс шығаратын кәсіпорын, құны 3,9 миллард теңгені құрайды. Сондай-ақ, Жамбыл ауданындағы жұмыртқа өндіретін кәсіпорынды айтуға болады. Қалған 13 жобаны іске асыру 2018-2021 жылдары аралығында жоспарланған.

2017 жылдың желтоқсанында тағы бір мал азығын дайындайтын серпінді жоба жүзеге асырылды. Зауытта барлық жүйе автоматтандырылған. Компанияның нарықта болғанына бір ай болса да өнімді тұтынушылар көп. Өндіріс орны мал азығының 150 ден астам түрін дайындап шығарады. 

МҰХАМЕД ҮСЕНБАЕВ, ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Өздеріңіз көріп тұрсыздар өте ыңғайлы. Екі адам басқаруға болады. Зауыттың бәрі автоматтандырылған. Мұнда камбикарымыз бар. Каждый граммен өзінің витаминдерін өлшеп граммен сосын драбилкаға өтеді. Драбить етіліп, сместительге барады. Сол жерде араластырылып, готовый болады.

Кәсіпорын толық қуаттанған соң, дайын өнім алыс-жақын елдерге экспортталады. Сонымен қатар, үй құстарының азығын дайындайтын желіні іске қосу жоспарланып жатыр. Айта кетейік, мұндағы барлық үрдіс автоматты жүйеге енген. Өндіріс ошағы соңғы жаңа технологияны пайдаланады.

АФИНА КОСКИНИДИ, ЗАУЫТТЫҢ ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз ірі қара малына арналған жемшөптің 4 мыңға жуық өнімін дайындадық, 100-ге жуық келісім -шарт жасадық. Келешекте өндіріс қуатын арттырып, күніне 480 тонна жемшөп дайындамақпыз. 

Бұл зауыт полиэтилен пленкасын шығарады. Өндірістің өніміне ауыл шарушылығы мен құрылыс саласында сұраныс жоғары. Зауыт бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді, жылына 3 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын басшылары өндірістің ауқымыны кеңейтіп, импортты алмастырып, нарықтан орын алуды көздейді.   

БАҚТИЯР СЕРКЕЕВ, ЗАУЫТТЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз көрші елдердің нарығын игере бастаймыз. Қазіргі таңда біздің өнімді Қырғызстандағы бақша өсірушілер алып жатыр. Жоспарда Ресей мен Өзбекстанның нарығына шығу бар. Биыл пиязды орауға арналған полипропиленді торды өндіретін цех ашуды көздеп отырмыз.  

Өңірде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірінші бесжылдықта 159 млрд теңгенің 43 жобасы жүзеге асырылған. Биыл 9 инвестициялық жоба іске қосылып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осылайша, Жамбыл облысындағы индустриалды-аграрлық жобалар көптеп жұмыс істей бастайды. Ал өңір агроөнеркәсіптік орталыққа айналуы мүмкін, дейді сала мамандары.