Иран Қазақстанның сауда-экономика бағытындағы сенімді серіктесіне айналып келеді - Kazakh TV

Иран Қазақстанның сауда-экономика бағытындағы сенімді серіктесіне айналып келеді. Әсіресе, өткен жылы қос ел арасындағы қарым-қатынас жан-жақты дамып, бірлескен жобалар жемісті жүзеге асқан. Былтырғы 10 айдың қорытындысы бойынша  қос елдің өзара сауда-саттығы 385 млн. долларды құраған. Тауар айналымының негізгі дені қазақстандық экспортқа тиесілі.  Өткен жылы құны 339 млн. долларды құрайтын отандық өнім  мұсылман  мемлекетіне жеткізілген. Қазіргі таңда жалпы  әлеуеті 2 млрд. доллар болатын екі жақты инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

МОДЖТАБА ДАМИРЧИЛУ, ИРАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Бүгінге дейін Қазақстан Ирандағы алтын өндірісіне инвестиция құйып келсе, бұл күндері Иран еліміздегі тау-кен өнеркәсібін қаржыландыруды қолға алған. Сондай-ақ  өзгеде бағыттарда жан-жақты серіктестік аясы кеңейіп келеді. Өнеркәсіппен қатар ауылшаруашылығы, құрылыс, туризм және денсаулық салаларында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Бұл тың бастамалар елдеріміздің ынтымақтастығын бекіте түсетініне сенімдімін.  

Ирандағы Бендер-Аббас қаласында Қазақстанның консулдығының ашылуы екі ел арасындағы сауда-саттықты одан әрі өркендетуге сеп болмақ.  Сонымен қатар бұл «Қазақстан үшін экономикалық тұрғыда аса маңызды стратегиялық шешім»,- дейді, еліміздегі Иран елшісі Моджтаба Дамирчилу.  Диломаттың айтуынша, Парсы шығанағы жағалауында орналасқан портты қала  жергілікті экспорттың Үнді мұхитына шығуына жол ашады. Өткен жылдың соңында көлік -логистика салаларында бірқатар сәтті келісімдер  бекітілді. Тараптар қол жеткізген уағдаластықтың арқасында транзиттік жүк тасымалы «Қазақстан-Түркменстан-Иран» темір жолы және Каспийдегі «Ақтау» және «Иран» порттары арқылы жүзеге аса бастады.

МОДЖТАБА ДАМИРЧИЛУ, ИРАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Былтыр әуе кеме, теміржол арқылы өзара алыс-беріспен елдеріміз арқылы  Еуропа мен Азия құрлықтарына өтетін транзиттік жүк тасымалы әлеуетін арттыратын келісімдер жасалды. Қазақстан Иран арқылы теңізге шығып, Парсы шығанағы мен Үндістан елдерімен әріптестікті нығайтуға мүделі. Өткен айда Қазақстандық астық пен майлы дақылдарды Иранға жөнелту бойынша уағдаластыққа кол жеткізілді. Сондай-ақ тауар айналымын ұлғайту қамында бірқатар әкімшілік кедергілер жойылып, тарифтер жеңілдетілді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер