Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық өткен жылы 3 млн долларға артқан

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық өткен жылы 3 млн долларға артқан. Бүгінде елімізде бұл елдің 700 компаниясы жұмыс істеп тұр. Екі ел арасындағы басты бағыт энергетика, көлік, ауыл шаруашылығына негізделген. Өткен жылы Каспий портын жаңалап, темір жол тарамдарын іске қосу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттер арасында жүк тасымалы көбейді. Ендігі мәселе – энергетика саласын бір жүйеге келтіру. 

ВАХИД АХМЕДОВ, ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ:

 - Энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы саласында тауар айналымын арттыру үшін екі елдің де пәрмені жетерлік. Жақында Қазақстан да, Әзербайжан да сауда-экономикалық байланыстарды нығайта түсетін жол картасын қабылдады. Мұндай шаралар байланысты тереңдете түсуге сеп болады.

Әзербайжан мен Қазақстан сауда-экономикалық саладағы серіктестікті нығайту үшін «2018-2020 жылдарға арналған жол картасын» қабылдағаны белгілі. Осы орайда, Әзербайжанның Кедендік комитеті, өткен жылы қос ел арасындағы тауар айналымы 127 млн долларға тақағанын айтты. Бұл көрсеткіш 2016 жыл 124 млн 391 мың доллар болған. Яки, аталмыш бағдарламалар нәтижелі болып, Қазақстан Әзербайжанға көп тауар экспорттайтын ТМД елдерінің бестігіне енді. 

ВАХИД АХМЕДОВ, ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТЫ:

 - Біздің елдер арасындағы саяси һәм экономикалық байланыстар үнемі жоғары деңгейде болатын. Соңғы жылдары әсіресе экономикалық байланыстар кеңейе түсті. Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы тасымалдай бастады. Қазір Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық газды тасымалдау мәселесі қарастырылып жатыр.

Мұнай, кен орындары саласында өнімнің артқандығына байланысты, екі ел арасында тауар тасымалдаудың қосымша бағыттары қосылады. Арнайы сарапшылардан топ құрылып, экспорттың бәсекеге қабілеттілігі анықталады. Ал бүгінде Қазақстан Әзербайжанға химиялық шикізат, астық, арпа, темекі өнімдері мен электржабдықтарын экспорттап келеді.