Қазақстан былтырғы жылдың қорытындысы бойынша астық пен ұнның тауар нарығында өз бағасын сақтап қалды. Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Иран елдерімен байланысты шама келгенше нығайта түсті, нәтижесінде астық тасымалы 360 мың тоннаға артты. Мысалы, өткен жылдың соңғы он айында Ақмола облысы 140 мың тонна ұн экспорттаған. Шортанды ауданында орналасқан ұн тартатын зауыт Өзбекстан мен Тәжікстанға, Ауғанстанға өнім жеткізді. Жоғары технологиямен жабдықталған кәсіпорын тәулігіне 200 мың тонна бидай өңдейді. Сыртқы нарықта қазақстандық ұнға деген сұраныс жоғары. Диірмен кешенінің көлемі ұлғайып, өндіріс қуаты да артып келеді. Одан бөлек, кәсіпорынның 20 мың тонна бидайды сақтайтын қоймалары да бар.

ДМИТРИЙ МАЙДАН, ТЕХНОЛОГ:

 - Біз тәулік бойы дамылсыз жұмыс істейміз. Кәсіпорын жұмысты бір сәтке де тоқтатпайды, себебі, қазақстандық ұнға нарықта сұраныс жоғары. Ұнның өзіндік құны қалыпты болуы үшін, тасымал, вагондарға тиеу жұмыстарына шығын шығармауға тырысамыз. Бәсекеге қабілетімізді де арттырып келеміз.

Алдағы уақытта Қазақстанда астық сату онлайн режимінде жүзеге асады. 15 қаңтардан бастап диқандар арнайы әзірленген бағдарлама арқылы жұмыс істейді. Интернет желісі арқылы астық сату құжат рәсімдеуді жеделдетіп, қағазбастылық пен түрлі кедергілердің, келеңсіз жайттардың алдын алады. Бүгінде бидай өнімдері мен астықты саудаға салу үшін диқандарға электронды қолтаңба қажет. Бұл арқылы арнайы агенттік экспорт көлемін анықтай алады, астық бағанын төмендеп кетпеуін қадағалайды, статистикалық мәлімет жинақтайды. Сонымен қатар, диқандарға басқа елдердің ауыл шаруашылық мамандарымен тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік туады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер