Әлемге әйгілі «Шеврон» корпорациясы өткен 25 жыл ішінде Қазақстанның ең ірі әрі сенімді инвесторларының біріне айналды. Осы уақытқа дейін аталмыш корпорация салықпен бірге есептегенде елімізге 123 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа сапары қарсаңында энергетикалық компания басшысымен кездесіп, стратегиялық ынтымақтастықты қорытындылап, жоспарымен бөлісті. Джон Уотсон Нұрсұлтан Назарбаевқа табысты серіктестік үшін алғысын білдіріп, келешектегі ынтымақтастыққа зор үміт артатынын жеткізді.

ДЖОН УОТСОН, «ШЕВРОН» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Президент Назарбаев  Қазақстандағы біздің атқарған жұмысымыздың табысты болуы жолында маңызды рөл атқарды. Тарих қойнауында қалған 25 жылға көз салсам, Н.Назарбаев пен бұрынғы  атқарушы директор Кеннет Дерр үлкен тәуекелге бел буған  екен. Президент «Шевронға» сенім артса,  «Шеврон» жас мемлекетке инвестиция салып, екі жақ та  тәуекелге барды. Осы екі тұлғаның бір-бірін түсініп, ортақ жетістікке жетеміз деген сенімдері бізге көп пайда әкелді.

Қазақстанда «Шеврон» жұмысының басталуын, сол сәттегі тәуекелді жобалардың табысты жүзеге асуын Джон Уотсон Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуде айтты. Корпарация басшысы Елбасына алғыс білдіре отырып, келешекте өзара ынтымақтастықтың одан әрі дами түсетініне, оның нәтижелі болатынына сенім білдірді. Қос тараптың бірлескен жобаларының ең көлемдісі -  Теңіз кенішін игеру. 2016 жылдың шілдесінде «Шеврон» компаниясы мен серіктестері Теңіз кен орнындағы кеңейту жобаларын қаржыландыру туралы шешім қабылдады. Жаңадан газды айдау технологиялары енгізіліп, өндіріс деңгейіндегі қысымды арттыру жүйесі орнатылды. Бұл кеніштегі мұнайдың алғашқы қоры 2022-ші жылы алынады деп жоспарланған.

ДЖОН УОТСОН, «ШЕВРОН» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұрғанын нық сеніммен айта аламыз. Оған дәлел Теңіз өндірісінің кеңеюі сынды жаңа жоба. Біріккен жобаның  құны 37 миллиард АҚШ долларына тең. Ол Қазақстанда жаңа жұмыс орын ашуға, инвестиция тартуға және мұнай өндірісін арттырады. Бұл компания үшін де, Қазақстан үшін де тиімді. Серіктестерімізге, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазақ халқына 25 жыл бойы білдірген сенімі үшін алғыс айтқым келеді.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер