Қазақстан-Өзбекстан сауда айналымы үштен бір есеге артқан

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы тауар айналымы үштен бір есеге артқан. Алдағы уақытта стратегиялық серіктестер өзара экспорт пен импорттың көлемін еселемек. Осы мақсатта арнайы «Жол картасы» жобасы жасақталып, фармацевтика мен мақта кластері, бидай өңдеу салалары дамып, бірлескен кәсіпорындар құрылады. 2018 жылы Өзбекстан 160-тан астам ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақшы. Осы орайда көрші мемлекет Қазақстан мен басқа да елдердің кәсіпкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Ал еліміздің Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаев «Жол картасының» негізгі мәселелерімен таныстырып өтті.  

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - «Жол картасы» арқылы суды өзара  ортақтасып бірге  пайдаланудың тиімді жолдарын көрсетіп бердік. Бірлесіп еңбек етудің арқасында ынтымақтастықтың жалпыға ортақ жаңа моделін қалыптастырдық, бүкіл Орталық Азияға үлгі бола білдік.  

Қазақстан мен Өзбекстан көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Қаңтар айынан бастап екі ел арасына қатынайтын теміржол билеттері арзандайды. Жеңілдіктер жол жүру құжатын алдын ала сатып алу шарттарына байланысты белгіленеді. Өзбек азаматтары билет бағасын 45 пайызға дейін үнемдей алады. Өзбек компаниясының айтуынша, бұл жеңілдіктер теміржол көлігіне жолаушыларды тарту және басқа көлік түрлерімен бәсекелестікті дамыту үшін жасалып жатыр.