Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында ынтымақтастық жыл сайын нығайып келеді. Өткен жылы біздің ел Оңтүстік Кореяға жалпы құны он миллиард долларға тең келетін, ал Оңтүстік Корея бес миллиард доллардан асатын тауар жіберіпті. Оңтүстік Кореядан келетін тауардың ішінде көліктердің үлесі жоғары болса, Қазақстаннан мұнай мен ядролық отын көптеп экспортталған. Бұл туралы Кореяның сауда және инвестицияларды ықпалдастыру Агенттігі  есебінен белгілі болды. Айта  кетейік, Қазақстан ТМД елдері бойынша Оңтүстік Кореямен сауда байланысы бойынша Ресейден кейін екінші орында тұр. 

ПАК ДЖИ ВОН, КОРЕЯНЫҢ САУДА ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ ЫҚПАЛДАСТЫРУ АГЕНТТІГІНІҢ САРАПШЫСЫ:

 - Айта кету керек, екі мың он жетінші жылы Қазақстаннан Кореяға экспорталған басқа тауарлармен салыстырғанда  мұнайдың үлесі отыз пайызға артты. Қара алтынның тиімді бағасы және Қазақстан үкіметінің оңтайлы саясатының арқасында, бұл көрсеткішті одан әрі қарай да ұлғайтамыз.

Өткен жыл екі ел қарым-қатынасын нығайта түскен шараларға толы болды.   Кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғанына 80 жыл толып, екі ел арасында мәдени байланыс нығайып, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылған болатын. Сонымен қатар кәріс елі Астанада өткен ЭКСПО- 2017 көрмесінің белсенді қатысушысы болды. Ал биыл Оңтүстік Корея Президентінің Астанаға  ресми сапармен келуі жоспарланған.  Осыны негізге ала отырып, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшісі Дулат Бақышев әріптесі, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сикпен арнайы дипломатиялық кездесу ұйымдастырды.   Қос елші кәріс президентінің Астанаға ресми сапары екі жақты ынтымақтастықты одан әрмен нығайта түсетініне сенім білдірді.

ДУЛАТ БАҚЫШЕВ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ҚР ЕЛШІСІ:

 - Екі мың он жетінші жыл екі ел қарым-қатынастарына жақсы жыл болды. Жаңа үкімет келді, жаңа жобалар талқылануда. Енді ең маңызы жаңа келген Президентпен біздің елбасының кездесуін ұйымдастыру бір мақсат болып тұр.

КИМ ДЭ СИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛШІСІ:

 - Екі мың он сегізінші жылы Мун Дже Ин Президентіміздің Орталық Азия елдеріне сапар жоспарланған. Ол IT, электроника, құрылыс, медицина және денсаулық сақтау, білім беру және адам ресурстары сияқты салаларда  қарым-қатынастарды дамыту үшін негіз болады деп үміттенеміз. Қазақстан экономикасы жылдан-жылға артып келеді және менің ойымша, келер жылы ол қолайлы экономикалық негізді қалыптастырады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер