Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің сауда-саттығы 27% артты

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикасы оң қарқынмен дамып келеді. Арнайы комиссияның мәліметінше, ұйым мүшелерінің сауда-саттығы 27 пайызға артқан. Ал ішкі өнім 2 пайызға өсіпті. Қытай және Иранмен келіссөздер жасалып, 2018 жылы еркін сауда аймағын құру жоспарланды. Еуразиялық экономикалық одақтың басты кілті – кеден кодексі толығымен аяқталды. 

ТИГРАН САРКИСЯН, ЕЭК АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз бірнеше тиімді жобаларды жүзеге асырдық. Шекара кодексін бекіттік. Бұл өте қиын үдеріс болды. Соған қарамастан барлық тарауды бекіте алдық. 1 қаңтардан бастап Шекара кодексі күшіне енеді. Бұл кәсіпкерлік саланың дамуына үлес қосатын маңызды құжат болмақ.

2016 жылдың соңында ЕАЭО-қа мүше елдер басшылары цифрлық күн тәртібі туралы мәлімдемені қабылдады.  Бұл келісім өткен жылдың жұмыс векторын анықтады. Алғашқы басымдық тауар айналымы мен көрсетілетін  қызметтерді бағалауға, цифрлы активтерге берілді.   

КАРИНЕ МИНАСЯН, ЕЭК АКТ ЖӘНЕ ІШКІ НАРЫҚ, АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖӨНІНДЕГІ МИНИСТРІ:

 - Цифрлық транзиттік дәліздер сынды  бастамаларды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі де басымдыққа алған еді. Бұл өндірістік және сауда салаларындағы сандық серіктестік. Біз үкімет басшыларының деңгейінде бастамаларды іске асыру және насихаттау рәсімін бекіттік және осы жобаларды іске асыру үшін соңғы нормативтік құжаттарды рәсімдейміз.

2017 жылы көлік саласында маңызды оқиғалар болып, «жол картасы» қабылданды. Құжат ЕАЭО шеңберінде 2025 жылға дейін барлық көлік түрлерімен тасымалдау кезіндегі шектеулерді жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, газ және мұнай өнімдері нарығы үшін тұжырымдамалар әзірленіп жатыр. Ал бизнес мүдделерін қорғау саласындағы басты жетістік – кәсіпкерлерді Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерін талқылап, бағалауға белсенді тарту.   

ТИМУР ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ЕЭК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ МИНИСТРІ:

 - Біз осы рәсім арқылы 2,5 жыл ішінде 200-ден астам шешім қабылдадық. Реттеудің маңызды саласы - техникалық регламенттер - нормативтік әсерді бағалау рәсіміне жатады. Бұл кәсіпкерлікте кездесетін күнделікті сұрақтар.

Сонымен 2018 жылға ЕАЭО-дағы негізгі жобалар анықталды. Олардың қатарында еуразиялық брендті қалыптастыру, дәрілік заттар мен дәрі-дәрмектердің ортақ нарығын дамыту, сондай-ақ, ішкі нарықтағы өзгеде  кедергілерді жою мәселелері бар. Сонымен қатар, үшінші елдермен сауда-экономикалық байланыстарды  барынша дамытуға айрықша мән берілмек.