Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық нығая түспек

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық нығая түспек

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық нығая түспек. Бауырлас елдер президенттерінің кездесуі стратегиялық және экономикалық байланысты одан әрі дамытуға маңызды қадам болғалы тұр. Халықаралық ынтымақтастық ұйым сарапшыларының пікірінше, бұл кездесу екі елдің қарым-қатынасын нығайтудың алғашқы қадамы болмақ.  

ОРАЗҒАЛИ СЕЛТЕЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

 - Қырғызстанның Қазақстанмен стратегиялық серіктестікке ұмтылуының екі маңызды себебі бар. Біріншіден, трансшекаралық сауда арқылы тауарларды еркін экспорттауға болады. Екіншіден, қырғыздар еліміздегі инвестицияларға мүдделі. Егер Қырғызстан тарапынан біздің қазақстандық инвесторларға қолайлы жағдай мен қолдау болса, онда Қырғызстан нарығында біздің инвесторлар белсенді жұмыс істейді деп ойлаймын. 

Осы уақытқа дейін Қазақстан қырғыз елінің экономикасына сексен миллион доллардан астам қаржы құйды. Сарапшылардың пікірінше, бұл қомақты қаржы саналады. Қырғызстан көршілес  инвесторлардың қарқынды жұмыс істеуіне жағдай жасап, үкімет тарапынан қандай да бір демеу болса, аймақтық экономикалық интеграция шеңберінде еліміз қаржыландыру көлемін одан сайын арттыра бермек.

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстан Қырғызстан үшін бұл Еуразиялық экономикалық одаққа жол. Себебі, барлық Қырғызстан тауарлары Қазақстан арқылы өтеді. Соның ішінде, мысалы, Қырғызстанның кәсіпкерлері үшін де, жүк тасымалдайтын компаниялар үшін де, Қазақстан өте маңызды.

Сарапшылардың пікірінше, екі жақты келісім, экономикалық әріптестік тереңдей бермек. Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша республикалар арасында тауар айналымы 300 млн доллардан асқан. Сонымен қатар, қазақстандық экспорттың өсімі Қырғызстанның импортына қарағанда екі есеге көп. Оған мұнай мен астық өнімдері,  минералды су кіреді.  Өнімнің бұл түрлері экспорттың 37 пайызын қамтамасыз етіп тұр. Қазақстан жағы Қырғызстанға 161 миллион доллардан астам тауар жеткізді. Соның ішінде, мұнай мен кен өнімдері, концентраттар бар. Ал қырғыз тарапы қазақстандық нарыққа құны 10 миллион доллар болатын ет, сүт және кондитерлік өнімдерді импорттады.