Франция бизнесмендері Алматы облысында туризм саласын түлетуге атсалыспақ

Франция бизнесмендері Алматы облысында туризм саласын түлетуге атсалыспақ. Оларды Жетісу өңірінің қысқы демалыс орындары үшін аса қолайлы екенін айтады. Аймақтың қар басқан тау бөктерлерінде шаңғы, сноуборд сияқты спорт түрлерін ұнататындар үшін заманауи халықаралық курорттар салуға мүмкіндік мол, дейді олар. Сондай-ақ, француз іскерлері ауыл шаруашылығында бірнеше жоба жүзеге асырып, тіпті бірлескен кәсіпорын ашуға ниетті. Жетісу жеріндегі жүзім өсіретін шаруашылықтар мен қайта қалпына келтіріле бастаған алма бақтар шарап өндірісін өркендетуге өте қолайлы. Францияда жүзіммен қоса, алмадан жасалған шараптар үлкен сұранысқа ие.

ФИЛИПП МАРТИНЭ, ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Біздің компанияларымызға Қазақстанның табиғаты қатты ұнайды. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға өте қолайлы жер екенін көріп, қаржы құюға ниет білдіріп отырғандар аз емес. Курортты аймақтардың инфрақұрылымын жақсартып, туризмді дамытуға сәулетшілеріміз бен дизайнерлеріміз де көмектесе алады.

Ал Қостанай облысында аңшылық туризмді дамыту жобасы қолға алынбақ. Қазір оның тұжырымдамасы түзіліп жатыр. Жергілікті туристік фирмалар аң аулайтын аймақтарды анықтап, шетелдік қонақтарды шақыру жұмыстарын бастап та кеткен.

АНАТОЛИЙ КОВАЛЕНКО, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ АҢШЫЛАР ЖӘНЕ БАЛЫҚШЫЛАР ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Аңшылар бір-бірімен алған әсерлерімен бөлісіп жатады. Біздің Қостанай облысына келем деушілер көбейген. Тіпті, оларды кезекке қоюға тура келеді. Әрине көбірек турист қабылдауға болады.

Жергілікті Наурызым қорығына жылда келетін қонақтардың бірі – неміс фотографы Торстен Прёль.

ТОРСТЕН ПРЁЛ, ЗЕРТТЕУШІ ФОТОГРАФ, /ГЕРМАНИЯ/.

 - Бұрынғы қалпында сақталған әсем табиғатты тамашалағысы келетіндерді ұсақ-түйек тұрмыстық жағдай тоқтата алмайды. Мұнда тіпті терең ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар.

Қостанай облысында 105 аңшылық шаруашылық тіркелген. Соларда осы тоғыз айда 12 мың турист болып қайтқан. Әрқайсысы жатын орын, көлігі, ас-тағамы үшін 3 мың еуро төлейді.

ДАРЬЯ ЛУКЬЯНОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - Біз үшін бұл болашағы зор сала. Оның үстіне, аңшылық-олжалық туризмді дамытуда Қостанай облысы пилоттық жоба есебінде анықталып отыр. Яғни мемлекеттік денгейде қолдау көрсетілері анық. Қазір арнайы бағдарлама дайындалып жатыр. Оны жүзеге асырғанда шетелдік қонақтар саны еселеп артары сөзсіз.

Жергілікті туристік фирма жақында арнайы материал дайындап, Мысыр, Австрия, Ресейде өткен көрмелерге қатысып қайтты. 

ГҮЛМИРА ҚАПЕНОВА, ТУРИСТІК АГЕНТТІК ДИРЕКТОРЫ:

 - Таяу Шығыс, Орталық Азия елдерінің, Ресейдің нарығына шықсақ, бізді басқалардан ерекшелейтін артықшылығымыз бар. Біз ол елдердің азаматтары үшін жақынырақпыз, менталитетіміз де ұқсас. Сондай-ақ, бір құрлықта орналасқанбыз. Сондықтан, ұшақпен басқа құрлыққа жетуден гөрі, бізге келу ыңғайлы.

Аңшылықты сүйетін шетелдік туристер үшін әзірленген арнайы жоба алдағы жылдан бастап қолға алынбақ.