Қазақстан бидай ұнын экспорттау мөлшері бойынша әлемде екінші орын алады

Қазақстан бидай ұнын экспорттау мөлшері бойынша әлемде екінші орын алады. 2016 жылы Қазақстан 2 млн 334 мың тонна ұн экспорттап, өз тарихында алғаш рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша сол нәтижеге жақындап қалдық. Қазақстан ұнын импорттаушы негізгі елдер – Орталық Азия республикалары. Ресми мәліметке сәйкес, елімізде 350 ұн өндіруші кәсіпорын бар. Солардың бірі - Ақмола облысының Шортанды ауданындағы диірмен кешені көршілес Өзбек елінен бастап, Тәжікстан мен Ауғанстанға да өнім жөнелтіп отыр. Қазір тәулігіне 200 тонна бидай өңдеп, одан бірнеше сұрыптағы 150 тонна ұн шығарады. Өндірілген өнімнің барлығы дерлік шетелге жіберіліп жатыр.

ДМИТРИЙ МАЙДАН, ТЕХНОЛОГ:

 - Біз тәулік бойы жұмыс істейміз. Мұндағы жұмыс үзілмейді. Нарықта қазақстандық ұнға деген сұраныс өте жоғары.

Өндірісті жаңартып, тың технологияларды қолданған кәсіпорындар ғана бәсекеге қабілетті болады. Аталған диірмен кешені биыл өндірісті жаңғырту жұмыстарына 56 млн теңге қаржы жұмсаған. Одан бөлек, 20 мың тонна бидайды сақтай алатын қоймалары бар. Айта кетсек, биылғы 10 айдың көрсеткіші бойынша Ақмола облысы 140 мың тоннадан астам ұн экспорттаған.

Ал Ақтөбедегі ең ірі диірмен-ұн комбинаты биылдан бастап дайын өнімнің 30 пайызын Орта Азия елдері мен Ресейге тасымалдап жатыр.Келешекте Қытай еліне шығуды да көздеп отыр. Мұнда тәулігіне 550 тонна бидай өңделеді. Швейцариялық және италиялық 2 желіде халықаралық стандартқа сай өнім дайындалады. Ұн йод, темір және өзге де пайдалы заттармен нәрлендіріледі.

АЛМАГҮЛ ӘБІШОВА, ЗЕРТХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Дайын өнімді тексеруден өткіземіз, барлығы сапалы, және дүкен сөрелеріне солай жіберіледі. Және, біз экспортқа жібереміз ұндарымызды. Және, макарон өнімдеріне ұн дайындаймыз. Сұраныс өте жоғары және өте жоғары сапада дайындаймыз.

Өткен жылдан бері комбинат Армения және Әзірбайжан нарығына шыға бастады. Аталған елдермен әріптестік қарым-қатынасты нығайту және маркетингті дамыту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Ал, Ресей нарығында сұраныс жоғары. Дайын өнімді көршілерге кедергісіз сату үшін, Кедендік Одақ мол мүмкіндік берген.

ҚАНАТ ТАПАЕВ, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің ұлттық өнім алыс-жақын шет елдердің нарығына шыға бастады. Түркіменстан, Өзбекстан нарығынан бөлек, биыл жазда алғаш рет Ауғанстан еліне өнім жібердік. Тұтынушылар ұнның сапасына жоғары баға беріп жатыр. Экспортқа бұған дейін тек ұн тасымалдасақ, болашақта, дайын өнімдерді де жөнелтеміз.

Комбинат жылына 120 мың тонна бидай өңдейді. 90 мың тонна ұн дайындайды. Мемлекеттен нақты қолдау тапқан серіктестік макарон фабрикасын ашты.  Айына 1 мың тонна өнім шығаратын фабрикаға 500 млн теңге инвестиция құйылған.