Құрық теңіз айлағы арқылы алғаш рет жеңіл автокөліктер тиелген паром Әзербайжанға жеткізілді

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы транзиттік тасымал көлемі артып келеді. Құрық теңіз айлағы арқылы алғаш рет жеңіл автокөліктер тиелген паром Әзербайжанға бет алды. Осылайша еліміздегі ірі көліктік-логистикалық инфрақұрылымның қызмет көрсету мүмкіндігі артып келеді.  Шығыс-Батыс дәлізіндегі жүк ағыны да ұлғайған. Биылғы жылдың соңғы 10 айында жүктің көлемі 2,5 есеге артып, бір жарым миллион тоннадан асты. Екі елдің көлік логистикасының дамуы – мемлекеттердің экономикасындағы шикізат секторларына жақсы балама дейді сарапшылар.

АЙДЫН ГУСЕЙНОВ, МИЛЛИ МЕДЖЛИС ДЕПУТАТЫ:

 - Қазақстан да, Әзербайжан да экономиканың мұнайлы емес секторын дамытуға мүдделі. Әлбетте, көліктік бағыттар, Баку-Тбилиси-Карс темір жолы және қос елдің Каспийдегі порттары екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың дамуына қосымша түрткі болды. Құрық портының артықшылығы – оның географиялық орналасуы.

Құрық портындағы жаңа автокөлік айлағы жылына қосымша 2 млн тонна жүкті тасымалдауға мүмкіндік береді. Жалпы 2020-шы жылға қарай транскаспийлік көлік бағытының қатысушылары жүк ағынын бес есеге ұлғайтуға ниетті.

АЙДЫН ГУСЕЙНОВ, МИЛЛИ МЕДЖЛИС ДЕПУТАТЫ

 - Құрық порты арқылы алғашқы жүк Қазақстаннан Түркияға жіберілгені мәлім. Бұл – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық қатынастардың жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Келешекте қазақстандық және әзербайжандық порттар Шығыстан Батысқа қарайғы жолда ірі логистикалық-көліктік орталыққа айналады. Бұл факторлар екі елдің экономикасына қомақты пайда әкелері анық.

Ақтау, Құрық және Бакудегі Алят - Шығыс пен Батыстың арасындағы ірі көлік тізбегінің негізгі бөлігіне айналып үлгерген. Ақтау портында ауыстырып тиелген жүктің жалпы көлемі 20 миллионға, ал Құрық паром кешенінің өткізу әлеуеті жылына 6 миллион тоннаға жеткен. Қазір Әзербайжан Алят кемежайы кеңейтіліп жатыр. Бұл порттағы жұмыстар 2018 жылдың басында аяқталады деп жоспарланып отыр.