Ақтаудағы битум зауытының өнімі экспортқа көптеп шығарыла бастады

Ақтаудағы битум зауытының өнімі экспортқа көптеп шығарыла бастады. Жол құрылысына аса қажет материалды жаңа технологияның көмегімен сыртқы нарыққа жеткізуге мүмкіндік туды. Сұйық битум мұздатылып, арнайы қаптарға салынып, қатырылады. Әрқайсысына 1 тонна өнім сиятын бұл ыдыстармен битумды жылдың кез-келген мерзімінде тасымалдап, ұзақ уақыт сақтауға болады.

РҮСТЕМ БИСАЛИЕВ, ЗАУЫТ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз қазір кәсібімізден кіріс көретін деңгейге жеттік. Сол себепті алдағы жылы тек ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 300 мың тонна өндіру көрсеткішіне қол жеткіземіз деп сеніммен айта аламыз.

Битум зауыты еліміздің «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму»  бағдарламасы аясында 3 жыл бұрын іске қосылған болатын. Бастапқыда жылына 60 мың тонна өнім шығарылса, биыл өндіріс көлемі 3 есеге артып, 10 айда 240 мың тоннаға жеткен. Қазір кәсіпорын өнімі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен «Шымкент - Қызылорда», «Астана - Павлодар», «Астана - Теміртау», «Атырау - Ақтау» секілді республикалық маңызы бар жолдарға төселуде.

АСХАТ ХАСЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ішкі нарықта битумға деген сұраныс 2017 жылы 600 мың тоннаны құрады. Бұл сұранысты біз тікелей отандық битум өндірушілермен қамтамасыз етіп отырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда 4 битум өндіру зауыты бар. Қуаттылығы бұл зауытардың 1 млн тоннаны құрайды. 2018-ге деген сұраныс Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметі бойынша 800 мың тоннаны құрайтын болады.

Бұл зауыт қазірдің өзінде еліміздегі жол битумына сұраныстың тең жартысын қамтамасыз етіп отыр. Келер жылы өндіріс қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Қажетті мамандарды Каспий мемлекеттік университеті даярлап бермек. Жоғары оқу орны мен кәсіпорын басшылары сондай-ақ бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізуге уағдаласып, өзара ынтымақтаса жұмыс істеуге келісті.