Қазақстан алдағы уақытта Катарға ет пен жеміс-жидек, көкөніс тасымалдай алады - Kazakh TV

Қазақстан алдағы уақытта Катарға ет пен жеміс-жидек, көкөніс тасымалдай алады. «Катарда жасалған –2017» көрмесі  аясындағы екі ел арасындағы бизнес форумда өзара серіктестікті нығайту мәселесі талқыға түсті. Аталмыш шараға 30 ел қатысты. Меймандардың назарына жергілікті  420 компанияның тауары ұсынылды. Ал Катар тұрғындарының біздің елден жеткен азық-түлікке аңсары ауды. 

МАРАТ КӘРІМОВ КӘСІПКЕР:

 - Біздің мұнда келгендегі мақсатымыз - өз тауарларымызды таныстыру. Біздің компания алма шырынын, джем өндіреді. Жергілікті базарларға өз өнімдерімізді тасымалдау бойынша келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді серіктестік орнатуды көздейміз.  

Көрмеден бастау алған іскерлік байланыс ресми жиынмен жалғасты. Форумда қос бірдей мәселе талқыға түсті. Оның бірі туризм саласын дамыту. Енді Қазақстандықтар Доха қаласына ұшып келген бойда әуежайда тұрып-ақ визаға қол жеткізе алады. Сонымен қатар,  екі ел арасына өзара қарым-қатынас орнату мәселесі де жан-жақты талқыланып, отандық өнімді Катарға тасымалдау ісі қарастырылды.

АСҚАР ШОҚЫБАЕВ, ҚР КАТАРДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Бұл - екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихындағы алғашқы іскерлік форум. Оның үстіне қазіргі таңда іскерлік байланыстардың дамуы стратегиялық маңызға ие. Катар мемлекеті барлық өнім түрлерін 100 пайыз импорттаушы, сондықтан, нарыққа қазақстандық өнімді шығаруға болады. Кәсіпкерлер өзара келіссөздер жүргізіп, ортақ мәмілеге келіп, Қазақстан мен Катар арасында іскерлік байланысты нығайта түседі.

АХМЕД БИН ТОВАР ӘЛ-КУВАРИ, КАТАР САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Сіздің мемлекетте мұнай мен газ, азық-түлік көп. Бұлардың барлығы біздің инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.    

Жиын соңында Қазақстан-Катар іскерлік кеңесін құрып, екі елдің өкілдері серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер