2017 жылдың соңғы он айында Қазақстан Иранға 100 мың тонна дәнді дақыл экспорттады. Бұл көрсеткіш отандық бидайдың шетелде үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар, отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілер Иран Ислам Республикасына  2 мың тонна мұздатылған қой еті, 200 мың тонна мал азығын, күнбағыс майы мен арпаны экспорттайды.   

ДӘУРЕН ЕСМАҒАМБЕТОВ, "АЗЫҚ-ТҮЛІК КЕЛІСІМ ШАРТ КОРПОРАЦИЯСЫ" ҰК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Иран мемлекетінің ұн тартатын  кәсіпорындары қазақстандық бидайды қайта өңдеп, Ирак пен Ауғанстан секілді елдердің нарығына дайын түрде сатуды көздеп отыр. Аталмыш ұсынысқа отандық кәсіпкерлер үлкен қызығушылық тудырды. Келісім жасалмас бұрын бұл мәселе жан-жақты талқыланады.  

ОЛЖАС ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Егер былтыр жазда Иран нарығына салқындатылған қой етін жеткізудің шарттарын келіссек, бұл жолғы сапар кезінде мұздатылған қой етін экспорттауға қатысты келісімге келдік. Сонымен қатар, қазір иран тарапымен сиыр етін жеткізу шарттары келісілуде. Сондай-ақ, осы сапар аясында күріштің Иран нарығында үлкен сұранысқа ие түрлерінің тұқымын ұсыну жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіздік. Осыған орай, Қазақстан аумағында күрішті өсіріп, оны ары қарай Каспий теңізі арқылы Иранға экспорттаудың кешенді жоспары бекітілетін болады.

Қытайдың Қазақстан нарығында алар орны ерек. Аспан асты еліне мың жеті жүз тонна астық тиелген 82 контейнер жөнелтілген болатын. Ақмола облысындағы Атбасар станциясынан дәнді дақыл артқан пойыз Қытай шекарасын асып, Сиян қаласына 36 сағатта жетеді. Кәсіпкерлер үшін тауарды тез арада тиеп, мол мөлшерде сату тиімді. Бұл тұрғыда шойын жолмен тасымалдау уақытты да, қаржыны да үнемдейді. 

СЕРІК ҚАЙНИДЕНОВ, «АТБАСАР» СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл контейнерлерді темір жолмен де, көлік жолымен де, су жолымен де тасымалдауға болады. Яғни,   контейнерлердің көмегімен астықты қоймадан қоймаға тиеу қиындық тудырмайды. 

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Қытайға 320 мың тонна бидай жіберілді. Элеватор арқылы келесі пойыздың контейнерлеріне астық тиеліп жатыр. Оның ішінде итальяндық тұтынушылардың да үлесі бар. Жеткізушілер астықты уақтылы тасымалдауы керек. Осы орайда, экспорттық өнімдерді сыртқы нарықта жылдам жеткізудің  жаңа тәсілдері қарастырылуда.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер