2022 жылы «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолы толық қуаттылығына көшеді

2022 жылы «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолы толық қуаттылығына көшпек. Осылайша, бұл дәліз арқылы жылына 15 млн тонна жүк тасымалданатын болады.  Бұл жергілікті экспорттаушылар үшін үлкен мүмкіндік ашады,-дейді Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр. Оның айтуынша, «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолы арқылы  үш жыл ішінде 3 млн 300 мың тонна жүк тасымалданған.

РОМАН СКЛЯР, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Экспорттаушылар үшін ең алдымен, жүк тасымалдау қашықтығы қысқарады. Бұған дейін болған бағыттан 600 шақырымға аз. Бұдан бөлек, теміржолда  кәсіпкерлер мен тасымалдаушылар  үшін тиімді сараланған дифференциалданған тарифтер белгіленеді. Теміржол желісінің жалпы ұзындығы 938 шақырым. Оның 146 шақырымы  Қазақстан аумағында болса , 700 шақырымы Түркіменстан аумағымен өтеді.

Теміржол бағытымен қатар Қазақстан мен Түркіменстан тарапы теңіз байланысын да дамытуда. Екі ел арасында Каспийдегі теңіз тасымалын дамыту жөнінде келісім жасалған болатын. Түркіменстан теңіз флотын құруға және Түркіменбашы портын жөндеу жұмыстарына кіріскен. Ұлттық «Қазақтеңізкөлікфлоты» Түркіменбашы халықаралық теңіз порты арқылы  биыл 1 млн тонна мұнай тасымалдапты. Алайда Ақтау мен Түркіменбашы арасындағы тасымал айтарлықтай емес. 

РОМАН СКЛЯР, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Ақтау мен Түркіменбашы порттары арасында тасымал бар болғаны 4 мың тоннаға жетті. Өткен жылы Ақтау портының солтүстік терминалы іске қосылды. Оның арқасында  жүк тасымалдау 2 млн тоннаға дейін артты. Бағыттарымызды әртараптандыру арқылы әріптестермен бәсекелестікке сай болмақпыз.

Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы өткен жылы 283 млн доллардан асты. Түркіменстанға  69 млн доллардың тауары жөнелтілсе, импорт 214 млн-ға жетіп отыр. Бұл көрсеткішті 1 млрд долларға дейін жеткізу тапсырмасы жүктелген.

ҒАЛЫМЖАН ҚОЙШЫБАЕВ, ҚР СІМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ұлттық компаниялар «Қазақстан теміржолы» сияқты, «Қазақстан инжиниринг» сияқты компаниялардың үлкен проектілері талқыланып жатыр. Екіншіден, Түркіменстан көршілес мемлекет болғасын нарықтарымыз өте жақын. Тауарды жеткізу алыс емес. Тауар айналымын арттыру үшін бізде үкіметаралық экономикалық комиссия бар.

Айту керек, Мәжілісте Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау жобасы мақұлданды.