Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне Польша кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне Польша кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары. Варшавада өткен бизнес-форумда отандық делегация шетелдік инвесторларға қарастырылған мүмкіндітер, жеңілдіктер мен ұтымды ұсыныстар туралы айтты. Сонымен қатар, еліміздің экспорттық әлеуетін таныстырды, маңызды келіссөздер өткізді.  

МЕЙІРЖАН МЫРЗАЛИЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазір біз Елбасының тапсырмасымен егістік  алқабын әртараптандыру бойынша белсенді саясатты ұстанып келеміз. Бидайдан май дақылдарын өсіруге  бейімделіп келеміз. Бұл бағытта қажетті жұмыстар да жасалып жатыр. Бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен бизнес-компаниялармен кездестік. Келіссөзге ет, сүт өнімдері және бидай өңдеуге қызығушылық танытып отырған кәсіпорындарды тарттық.

АНДЖЕЙ АРАНОВСКИ, ПОЛЬША-ҚАЗАҚСТАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ КЛАСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Польшаның көптеген  кәсіпорындары Қазақстанға инвестиция салуға дайын. Ауыл шаруашылығы  еліміздің негізгі драйвері екенін ескерсек, бізді кәсіпкерліктен бастап техника шығаруға дейінгі барлық сала қызықтырады. Сол себепті серіктестігімізден болашақта жемісті нәтиже  күтеміз.

Шетелдік инвесторлар бизнес форумның маңыздылығын атап өтті. Шара соңында «Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық орталығы» мен Варшавадағы польша-қазақстан ауыл шаруашылығы кластері келісімге қол қойды. Тараптар 2018 жылға дейін 10 мың тонна зығыр дәні мен 2 мың тонна қыша дәнін тасымалдауға келісті.

Тағы  бір маңызды келісім келсек, енді Қазақстанда құлпынай жаңа инновациялық тәсілмен өсірілетін болады. Пилоттық жоба Ақтөбе облысында заманауи технологияларды енгізумен жүзеге асады. Алдымен, жидекті 1 гектар жерге отырғызу жоспарланған. Кейінірек, егіс аумағы ұлғайтылады. Мақсат – батыс өңірін құлпынаймен қамтып, шет елге экспорттау.  

АЗАМАТ ЖЕКСЕНБИЕВ, «ЭКО ФЕРМА 2015» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстанда бірінші болып  бұл технологияны енгізіп отырғанымызға  қуаныштымыз. Жалпы жаңа тәсіл арқылы құлпынай субстратсыз және жерсіз өсіріледі. Яғни, тек аквопоника болады. Су үш қабат арқылы құйылады. Тиісінше, аквопоника қолданылғанында жидекте зиянкестер болмайды және ауруға шалдықпайды. Аз тыңайтқыш қолдану арқылы, жеңіл өсірілген пайдалы жемістерді алатын боламыз. 

Қазақстан – Польша үшін келешегі кемел жаңа нарық. Еуропалық серіктестерімізді еліміздің транзиттік әлеуеті қызықтырады. Польша кәсіпкерлерінің айтуынша, Қазақстан Азияға апарар алтын қақпа. Ол арқылы Қытай және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге тауар тасымалдау ыңғайлы әрі тиімді болмақ.