Шетелдік инвесторлар Қазақстан экономикасына 3,5 млрд доллар қаржы құюға ниетті

Шетелдік инвесторлар Қазақстан экономикасына 3,5 млрд доллар қаржы құюға ниет білдіріп отыр. Тиісті келісімдерге қол қойылып та қойған. Инвесторлардың елімізге қызығушылығына әсер еткен бірнеше жағдай бар. Price Water House Coopers және Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан қолайлы салықтық климат қалыптастыру көрсеткіші бойынша әлемдегі 189 мемлекеттің ішінен 18 орынға табан тірепті. Екі жыл қатарынан «Келісім-шарттарды орындау» жөнінен республикамыз алғашқы ондыққа енді. Қазақстан шетелдік инвесторларға визасыз режим мен бірқатар салықтардан босату сынды преференциялар ұсынады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер ағылшын тілінде көрсетілетін болады.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстан экономикасына 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл қарқынды жыл соңына дейін сақтау көзделген.

Сарапшылардың айтуынша, капитал құю үшін металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, мыс, алтын және геологиялық барлау салалары тартымды.  Қазақстандық кәсіпорындар алдыңғы қатарлы жаңа технологиялар мен индустрия 4.0 элементтерін ендіруде.

СТЕФКА СЛАВАВА, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ ЖЕТЕКШІ ЭКОНОМИСІ:

 - Бұл мемлекетте 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Елдің даму қарқыны жоғары. Менің ойымша, Қазақстанның жыл сайынғы ЖІӨ өсімі 6-7 пайызға жетуі тиіс. Біз бұл көрсеткішке қол жеткізуге белсенді атсалысамыз.

ВЛАДИСЛАВ СОЛОВЬЕВ, «РУСАЛ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанға инвестор болып келгенімізге бірнеше жыл болды. «Богатырь» көмір кенішінде «Самұрық» компаниясымен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Салған инвестициямыз тиімді болғаны бізді қуантады. Сондықтан алдағы уақытта жаңа жобаларды қолға алуға дайынбыз. Өзге инвесторларға айтарымыз: «Қазақстан инвестиция салу үшін қолайлы мемлекет.

РАКЕШ ГАУР, «RAILWAYS KEC INTERNATIONAL LTD» КОМПАНИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанға әріптестерімізді инвестиция құюға шақырамын. Себебі, үкімет оларға жан-жақты жағдай жасап келеді. Біздің компания бұған айқын көз жеткізіп отыр.

Елімізге шетелдік және аймақтық құрылымдар желісімен инвестицияларды тарту үшін «Қазақинвест» ұлттық компаниясы құрылып, шет мемлекеттерде өкілдіктер ашылды. Олар Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізеді. Сонымен қатар, үкімет шетелдік серіктестер үшін жағдайды жақсартуға ниетті. Ел экономикасындағы мемлекеттік қатысуын азайтып, жаңа модель құрылады. Сол себепті Астана инвесторларды болашағы зор қазақстандық жобаларға атсалысуға шақырады.