Қазақстан мен Қырғызстан арасында қол қойылған ынтымақтастықтың жол картасы қос тарап үшін тиімді. Жергілікті сарапшылар осындай пікір айтады. Құжат сауда-экономикалық қатынастарды нәтижелі дамытуға алғышарттар жасайды, деп есептейді мамандар. Еске салсақ, Қазақстан мен Қырғызстан екі жақты ынтымақтастықтың жол картасына Минскіде қос ел президенттерінің келіссөздерінен кейін желтоқсанның 2-інде қол қойған болатын. Құжат 50 кешенді шараны қамтиды. Оның 16-сы оперативті сипатта, ал бесеуі - қысқа мерзімді. Сонымен қатар, жүйелі жүргізілетін 29 іс-шара бар.

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ, ҚР ҰЭМ ЖАНЫНДАҒЫ «САУДА САЯСАТЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Тек қана Қазақстан емес, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ өкілдерінің қатысуымен бақылау жүргізілетін болады. Қырғызстандық тарап ендігі кезекте дұрыс ақпаратты беру, кедендік және салықтық декларацияланатын тауарлардың құны туралы, фискалдық саясатқа қатысты көптеген сауда статистикасын толық қамтамасыз ету керек болады. Ол бір. Екіншіден - осы елдегі фитосанитарлық және ветеринарлық құжаттарға байланысты толық ашықтықты қамтамасыз етеді.

ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

 - Жол картасы 10 пайызға дейін Қырғызстан экономикасы өсімін қамтамасыз ете алады. Әрине, барлығы, оның іске асуына байланысты. Жол картасына қол қою ең алдымен, экономикалық сипатқа ие. Яғни, бұл Қазақстан мен Қырғызстан халықтарына және үкіметтеріне пайдасы зор техникалық құжат десек те болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер