«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында арнайы экономикалық аймақ құрылады. Онда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктер жасалады. «Қорғаста» арнайы экономикалық аймақ құру туралы Үкімет қаулысы дайын, сәйкес заң жобасы да әзір тұр. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 100 мың шаршы метр аумақта қонақ үй, ірі сауда кешені, сауықтыру орталығы орналасады.

ИГОРЬ ЗЕЛЯМОВ, УЧАСКЕ БАСШЫСЫ:

 - Мына ойын-сауық және сауықтыру кешенінің құрылысына 200 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылды. Мұнда мыңнан астам адам жұмысқа тартылды. Ғимараттың астында еуропалық және ұлттық үлгідегі екі қабатты паркинг болады. Келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстарын 2018 жылы аяқтауымыз керек.

Шетелдік туристерге арналған мұндай кешендер арнайы экономикалық аймақта көптеп салынады. Өйткені оның жалпы аумағы – 460 гектар. Туристердің ошағына айналуға тиіс қолөнершілер қалашығы осы жердегі  көрікті нысандардың бірі болмақ. Сонымен қатар, мұнда  атшабар мен мұражайлар, көрме залы, бес жұлдызды қонақ үйлер мен саябақтар орын тебеді. Бүгінде алықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында 20 ірі инвестор өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Келер жылдан бастап оларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылатын болады.         

ҚАҺАРМАН ЖАЗИН, «ҚОРҒАС» ШЫХО АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Әр инвестор он шақты нысаннан алған. Себебі, олар мұнда жұмыс істеуге үлкен қызығушылық білдіріп отыр.  Жаңа жылға дейін тағы он шақты инвестор келеді. Ағымдағы жылы 200-250 мың шаршы метр тапсырылса, келер жылы бұл көрсеткіш үш есеге дейін өседі. 

5 жыл бұрын «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының қазақстандық бөлігіне күніне 1,5 мың саяхатшы келсе, бүгінде бұл көрсеткіш 5 есе өскен. Ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қытай тарапынан күн сайын 15-17 мың адам өтеді екен. Сондықтан бақылау өткізу пунктіндегі жұмыстар заман ағымына сай түрлі технологиямен жетіліп отырады. Кеден қызметкерлері таңғы 7-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындар шекарадан жеке куәлікпен өте береді. Кезекте тұрмау үшін туристік картаны қабылдайтын терминалдар да орнатылған. Ал алдағы уақытта смартфондарға арналған мобильді қосымша мен қолданбаларды да пайдалануға болады.

АРДАҚ НҰҒЫМАНОВ, «ҚОРҒАС» ШЫХО АҚ ЕНШІЛЕС КӘСІПОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - 6 мың адам келеді, 5 мың адам келеді. Ол кісілер келгенде қазір ешқандай қиыншылық жоқ. Бәрін уақытында жібереміз, уақытында шығарамыз. Автобустардың бәрі уақытылы, мерзімімен жұмыс істейді.

Соңғы бес жыл ішінде отандық және шетелдік саяхатшылар тарапынан «Қорғасқа» деген қызығушылық арта түсті. Ағымдағы жылы мұнда 700 мың отандасымыз болса, Қытайдан 2,5 миллионнан астам қонақ келіпті. Енді  қазақстандық бөлігіндегі ғимараттардың құрылысы бітіп, қолданысқа берілген кезде туристердің де саны еселене түседі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер