Қазақстан алғаш рет Польшада өткен халықаралық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты. Биылғы азық-түлік жәрмеңкесіне әлемнің 20 елінен 400-ден астам компания өз өнімдерін алып келді. Аумағы 70 мың шаршы метрді құрайтын алаңға алуан өнімдер, соның ішінде, бал, алманың бірнеше сұрпы мен ірімшіктің түр-түрі, ауылшаруашылық техникасының жаңа түрлері қойылды. Іс-шарада қазақстандық тарап елдің ауыл шаруашылығындағы әлеуетін таныстырып, экспорттық мүмкіндіктерін паш етті. Көрме барысында делегациямыз поляк әріптестермен екі жақты келіссөздер жүргізді. Қазақстандық өнімдер көптің көңілінен шығып, бірнеше еуропалық компания ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.

МАРҒҰЛАН БАЙМҰХАН, ҚР ПОЛЬШАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Ауыл шаруашылық көрмесіне Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан,  Алматы мен Астана қалаларынан өкілдер келді. Шарада астық өнімдерімізді экспорттау мәселелері талқыланды. Осы ретте, біздің өнімдерімізге Еуроодақ елдері мен Польша үлкен қызығушылық танытып отыр. Алдымен логистика жағын пысықтап алу керек. Сонымен қатар, серіктестеріміз поляк алмасын сатып алып, оны өңдеу технологиясын меңгермекші.  Екі елдің мамандары тәжірибе алмасу арқылы өнімнің түрлі сортын шығара алады. Менің ойымша, бұл құптарлық іс. Осы арқылы біз ауыл шаруашылығында қосымша құны жоғары өнімдер өндіре аламыз.

Қазақстан павильонын Польшаның Ауыл шаруашылығы министрі Кшиштоф Юргель арнайы келіп көрді. Ол екі елдің аграрлық саладағы ынтымақтастығының маңыздылығына тоқталды. Бүгінде Польшада ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі қозғаушы күші саналады.  Тәжірибе алмасуға қос тарап та мүдделі.

КШИШТОФ ЮРГЕЛЬ, ПОЛЬШАНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

 - Қазақстан мен Польша көптеген келісім-шарттарға қол қойған. Біздің ел Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға ниетті. Сондықтан ауыл шаруашылығының барлық саласында тығыз байланыс орнатып, барынша дамытуға дайын.

Отандық кәсіпкерлер Польшаға шұбат, құрт, шай, тәтті-дәмділер алып барды. Көрме күні біздің ұлттық тағамдар қойылған стендке келушілер мен қонақтар ұзын-сонар кезекке тұрды. Біздің өнім көптің көңілінен шығып, әр елден келген ұлт өкілдері қазақтың асына аңсары ауып, асханасына таңдай қақты. 

РОБЕРТ, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:

 - Керемет. Манты тілдің дәмін үйіреді. Барлығына қазақтың асынан дәм татуға кеңес беремін. Поляк тағамынан мүлдем өзгеше, өте дәмді. Дала пейіл, дарқан мінезді қазақ халқының қонақжайлығын Польшада бәрі біледі. 

МАГДА, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:

 - Мен тағамның басқа түрін жегім келді. Қазақтың ас үйі тіптен өзгеше. Ал ыдыс-аяқтары мүлдем бөлек, әдемі көрінеді. Маған сіздердің стендтеріңіз ұнады. Бәрі дәмді болды!  

Үш күнге созылған ауылшаруашылық көрмесіне 100 мыңнан астам адам келді. Ұйымдастырушылар алдағы жылы шараны биылғыдан да кең ауқымда өткізуді жоспарлап отыр. Ал Қазақстан үшін бұл шара нарыққа кеңінен бойлап, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік берді.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер