Қазақстанның шетелге экспорттайтын өнім түрлері кеңейе түсті. Мысалы, Павлодар өңірінде өндірілетін брикеттелген көмірге Ресей нарығында сұраныс жоғары. Отандық қатты отынға әсіресе Алтай өлкесі, Новосібір және Омбы облыстарынан жиі тапсырыс түсіп тұрады. Ашылғанына небары бір жыл болған зауыт жылына 17 мың тонна көмір брикеттерін шығаруға қауқарлы. Қатты отынды өңдеу оңтүстіккореялық технология бойынша жүргізіледі және қосымша құны жоғары, дейді технолог мамандар. Павлодарлық зауыттың ТМД бойынша баламасы жоқ.

ШАЛҚАР БАЙКЕНОВ, ТЕХНОЛОГ:

 - Көмірді алдымен сазбалшықпен араластырып алып ұнтақтағышқа саламыз. Арнайы жасалған ұнтақтағышпен көмір кәдімгі тозаңға айналады. Содан кейін су қосылып, тығыздалып брикетке айналады. 

Бұл отын күл мен түтін шығармайды. Іші қуыс дөңгелек пішінді дайын өнім  8 сағат  бойы  жылуды ұстап тұрады. Бұл, әсіресе, қысы қатты әрі ұзақ өңір солтүстік үшін аса тиімді. Қоршаған ортаға тигізетін залал-зардабы да жоқ.

ВАЛЕРИЙ ПЛОТНИКОВ, ТҰТЫНУШЫ:

 - Осы көмір түрін пайдаланғанымызға 4 ай болып қалды. Бір жарым-екі тәулік бойы жылуды ұстап тұрады. Үйіміз жылы. Көпке жетеді.

Еліміздің индустрияландыру картасы аясында жүзеге асқан жобаның бастапқы құны 230 миллион теңгені құрады. Биыл өндіріс ауқымын кеңейту мақсатында қосымша 70 миллион теңге бөлініп отыр. Оның 35 миллионы кәсіпорынның өз қаржысы.

БАУЫРЖАН АСАНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:

 - Оңтүстік Корея елінен қосымша құрал-жабдықтарға тапсырыс бердік. Жыл соңына дейін жеткізіп беруге тиіс. Мемлекетттен қолдау түрінде 16 пайызбен несие алдық, оның 10 пайызын мемлекеттік субсидия құрайды. Біз сияқты шағын кәсіпорындарды қолдау мақсатында қабылданған бағдарламаның бар болғаны әрине, қуантады.

Салмағы  1,5  және 3 киллограмдық брикеттер тасымалдауға қолайлы. Сазбалшық қосылған көмір үгітілмейді және жылуды ұзаққа сақтайды. Органикалық өнімді әрі топырақты қопсыту үшін де пайдалануға болады. Ал, шикізат облыс аумағындағы Майкөбе және Шұбаркөл кеніштерінен алынып жатыр. Аймақта көмірдің бір ғасырлық сарқылмайтын қоры бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер