Орталық Азия елдері исламдық қаржыландыру жүйесін дамытуда. Осылайша, аймақтағы мемлекеттер бірден екі мәселені шешуді көздеп отыр. Біріншіден, халықтың сұранысы қамтылады. Екіншіден, Парсы шығанағындағы елдерден инвестиция тартуға болады. 2006 жылы аймақта алғашқы болып Қырғызстан елі банк ісіне исламдық қаржыландыру жүйесін енгізді. Ислам даму банкінің қолдауымен республикадағы коммерциялық банктің базасында пилоттық жоба іске қосылды. Үш жылдан соң жаңа бағыт толыққанды дами бастады. Дәл осы кезде бұл  елдегі «Банк және банк қызметі» жөніндегі заңға өзгертулер енгізілген болатын.

ОЛЖАС ТОҒАЕВ, «AMANIE ADVISORS» КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Олар жұмыс істеп тұрған банктерде исламдық қаржыландыру қызметін ашты. Бұдан бөлек, Бішкекте, өзге қалаларда да көптеген шағын қаржыландыру ұйымдары бар. Бүгінде аталған жүйе Тәжікстанда да дамып келеді. Ол елде бірқатар компаниялар жұмыс істейді. Ислам қаржыландыру жүйесіне Өзбекстан мен Әзірбайжан да қызығушылық білдіріп отыр. Бұл елдерде аталмыш бағыт дамытылуда.

Қазақстан болса, исламдық қаржыландыру саласында аймақтағы көшбасшы атануды көздейді. 2009 жылы елде ислам банктерін ашып, «сукук» құнды қағаздарын шығаруға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Келер жылдың 1 қаңтарында «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы да бұл іске өз септігін тигізбек. Өйткені оның басым бағыттарының бірі – исламдық қаржыландыруын дамыту. Оның үстіне хаб қызметі Орталық Азия елдерінде ғана емес, барша ТМД кеңістігінде жүзеге асырылмақ. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда исламдық қаржыландыруына деген халық сұранысы жоғары.

АЙДАР ЖАНТУРИН, АХҚО ИСЛАМ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - Біздің аймақтың бұл бағыттағы әлеуеті өте жоғары. Өңірдегі мұсылмандардың саны шамамен 100 миллион адамнан асады. Бұл санға ТМД, Ресей және Орталық Азия елдерінің тұрғындарын қосып отырмыз. Осы тақырыпта біз бірнеше рет бірлескен семинарлар ұйымдастырдық. Барлық жиындарға осы елдердің өкілдерін шақырамыз. Жалпы, алға қойып отырған міндетіміз – Астанада жұмыс істеп, өзге де елдердегі исламдық қаржыландыруды дамытуға қолдау көрсету.

ДИНА ӘЖҒАЛИЕВА, СИНГАПУР ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Халықаралық қаржы орталығы Азиядағы Сингапур сынды хаб болуды көздейді. Яғни Астана Орталық Азия елдері үшін қаржы хабына айналмақ. Менің ойымша, Астана қаржыны біріктіріп, олардың «sharia compliant» ұғымына, яғни шариғат заңдарына сәйкес болуын қамтамасыз ете алады.

Сарапшылардың айтуынша, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы Орталық Азияда бұл бағыттың дамуына қолайлы жағдай жасамақ. Келер жылы бұл орталық алғаш рет «сукук» мемлекеттік ислам құнды қағаздарын шығаруды жоспарлап қойған. Оның көлемі 300-ден 1 млн АҚШ доллары шамасында болады деп жоспарлануда. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер