Қазақстан Қытайға экспорт көлемін еселеді. Жыл басынан бері отандық өндірушілер аспан асты еліне құны 3,5 млрд доллардың тауарын жеткізген. Экспортталатын өнімдердің ішінде рапс және күнбағыс майларына сұраныс жоғары. Осы жылдың 9 айы ішінде Қытайға құны 400 млн теңге болатын бір мың тонна май жеткізілген. Бұл көлемде солтүстікқазақстандық өндірушілердің де үлесі бар. Өңірде күнбағыс майын өндіру 2016 жылы алғаш қолға алынған. Нарықта нәтиже болған соң, өндірістің қуаты кеңейіп, шикізатты автоматты түрде өңдейтін құрылғылар іске қосылды. Қосымша жом, тазартылған май, сығымдау цехы ашылды. Зауытқа Қытай компаниясы 6 миллиард теңге инвестиция құйған.     

ФАН ЛУНФЭЙ, «ТАЙЫНША МАЙ» ЖШС-НІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бүгінде бүкіл әлем гендік модификацияланған өнімдерге өтіп жатса, біз оған қарсымыз. Біздің басты ұранымыз – жасыл өнімдер. Сол себепті ауасы, суы таза, жері құнарлы Қазақстанды таңдадық. Мұнда табиғи өнімдерге аса мән беріледі. Ал Қытайда экологиялық таза тағамдарға сұраныс қашанда жоғары. 

Бүгінде Қазақстанда Қытай тарапымен бірлескен 51 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ортақ инвестицияның көлемі 27 миллиард долларды құрайды. Ол сомаға қазақстандық компанияларға берілген несиелер, құрал-жабдықтар, және ақшалай инвестиция кіреді. Қазіргі таңда, Солтүстік Қазақстанда 4 жоба қарқынды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ болашақта тағы 7 жоба іске қосылмақшы.

ДМИТРИЙ ТКАЧЕНКО, «KAZAKH INVEST» ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазіргі таңда бізде 4 жоба іске қосылған, олар: полипропилен өндіру кешені, Қостанай облысындағы автомобиль құрастыру зауыты, «Қорғас-Шығыс қақпасындағы» логистикалық терминал. Және де 7 жоба іске асырылу үстінде. Оларды жыл соңында немесе келер жылдың басында іске қосу жоспарда бар. 

Компания Қытайға 15 мың тонна күнбағыс майын жіберуді жоспарлап қойған. Одан бөлек, солтүстікқазақстандық кәсіпорын өнімі Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Ауғанстан, Ресей және тағы да басқа елдердің нарықтарына экспортталады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер