Қазақстанның Армениямен өзара тауар айналымы 38 пайызға артып, сауда-саттығымыз 2 миллион 600 мың долларға жетті. Биылғы жыл екі ел үшін де берекелі болғанын аталған мемлекеттегі Төтенше және Өкілетті Елшміз Тимур Оразаев баяндады. Дипломат жаһандық экономиканың әлсіреуі тараптардың алыс-берісінің еселене түсуіне еш кедергі жасамағанын айтады. Отандық экспортты негізінен фармацевтика, химия өнімдері, қағаз-картон бұйымдары құрайды. Сондай-ақ, елімізден астық жөнелтіліп тұрады. Өз кезегінде, Армениядан біздің нарыққа арақ-шарап, темекі, азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдары тасымалданады. Дипломат, сондай-ақ, Қазақстаннан жеке трансферттер көлемі артқанын да атап көрсетті. Серіктес елге құйылатын қаржының жылдық көлемі орта есеппен алғанда 20-25 млн АҚШ доллары шамасында. Биыл бұл көрсеткіш арта түспек.

ТИМУР ОРАЗАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРМЕНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Үстіміздегі жылы трансферттер бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізудің куәгері болуымыз мүмкін. Себебі статистикалық мәліметтерге қарап, экономикалық белсенділіктің өте жақсы деңгейде екенін аңғаруға болады. Жыл соңына дейін трансферттер көлемі 40 млн долларға жетеді деп болжануда. Армения Еуразиялық одақ бойынша серіктес ретінде сауда-саттықпен қатар, инвестициялық саладағы белсенділігін арттыра түсуге ниет танытып отыр.

Бүгінде Қазақстан мен Армения барлық салалар бойынша серіктестік аясын кеңейтуде. Әсіресе, көліктік қарым-қатынасты жақсартуға басымдық берілген. Қазіргі таңда қазақстандық тараптың Армения арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттағы транзиттік дәліздің құрылысына, Каспий теңізі арқылы мультимодальді логистикасын құруға және «Мегри» экономикалық аймағын салуға қатысу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер