«Doing Business-2018» бизнес жүргізуді жеңілдету рейтингінде Орталық Азия елдерінің көрсеткіштері жақсаруда. Аймақтағы мемлекеттер үшін бұл зерттеу елге келетін шетелдік инвесторлардың санын арттыруға  мүмкіндік береді. Сондай-ақ, елдегі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың қаншалық тиімді жүргізілгендігін бағалауға жағдай жасайды. Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы есебіне сәйкес, Орталық Азия елдерінің ішінде ең жоғарғы көрсеткіш – Қазақстанда. Рейтингте еліміз 36-орынға тұрақтап отыр. Елде 10 талаптың бесеуі бойынша өсім байқалады. Миноритарлық инвесторларды қолдау, кәсіпорынды тіркеу, электр желісіне қосу, мүлікті тіркеу, келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету - солардың қатарында. 74-орында Өзбекстан мемлекеті. Бұл ел биыл іскерлік ахуалды жақсарту бойынша 13 сатыға көтерілген.  Баяндамада кәсіпкерлікті тіркеуге арналған жаңа платформаның арқасында жеке бизнесті бастау әлдеқайда жеңілдегені айтылып отыр. Жаңа жүйеде қажетті талаптардың саны азайтылған.

ЖАНГЕЛДІ ШЫМШЫҚОВ, «ЭКОНОМИКА ИНСТИТУТЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Рейтингте шетелдік инвесторларға қатысты жауапкершілік деңгейін анықтайтын көрсеткіш бар. Бұл тұста, Өзбекстанда да, бізде де алға жылжу байқалады. Осының арқасында аймаққа келуге ниетті шетелдік инвестициялардың саны артып отыр. Шетелдік инвестициялардың ағыны көбейген сайын, тиісінше, экономикалық өсім артып, тұрақтылық беки түседі.

Рейтингтегі көрсеткішін Тәжікстан да жақсартып, 5 сатыға көтеріліп отыр. Енді мемлекет әлемнің 190 елі арасында 123-ші орында. Соңғы жылда елде екі реформа жүзеге асырылды,-делінген баяндама. Кәсіпорынды құру ісі жеңілдеді. Мүлікті тіркеуге қажетті бір талап мүлдем алынып тасталған. Қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеуге байланысты да өзгерістер енгізіліп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер