Өзбекстан қазақ инвесторларын қабылдауға дайын. Ташкентте өткен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысында бұл туралы Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов мәлім етті. Ашық диалог түрінде өткен отырыста өзбек тарапы қазақстандық инвесторларды ірі құрылыстарға қаржы құйып жер асты қазба байлықтарын бірлесіп өндіруге шақырды. Оған қоса, метал өндірісі бойынша біздің елдің мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.

АЧИЛБАЙ РАМАТОВ ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 25 жыл әрине аз уақыт емес. Бұл – ширек ғасыр уақыт. Осы аралықта бірқатар ілкімді істер атқарылды. Биылғы жылы тауар айналымы 30 пайызға өсті. Алда барлық сала бойынша әріптестік орнатып қарым-қатынасты одан әрі жақсартамыз.

Комиссияның отырысында энергетика, кеден, мұнай-газ, көлік және транзит, туризм, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыс мәселелері, сондай-ақ әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан үкіметі басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқталды. Қазақ жерінде бірлескен машина жасау өндірісі мен Өзбекстанда темір жол саласында қажетті құрылғыларды шығару кәсіпорнын құру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

АСҚАР МАМИН ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Биылғы жылы жасалған келісімдердің алғашқысы орындала бастағаны бізді қуантады. Яғни Өзбекстан Қарулы күштеріне оптикалық түнде көру құрылғысы жеткізілетін болды. Бұл осы комиссияның бірлесіп атқарған жұмысының жемісі деуге болады. Бұдан кейін де жаңа жобалар іске асатынына сенім мол. Осы бағытта ынтымақтастық тереңдей түседі деп ойлаймыз.

Орталық Азия аймағында жетекші саналатын қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық әріптестік нығайып келеді. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 800-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.Тиісінше, бұл көрсеткіш көрші елде де еселеп артпақ. Комиссия отырысында темір жол саласын жандандыру мен экспорттық тауар тасымалына жеңілдік жасау мәселесі де сөз болды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысының нәтижесінде тиісті хаттамаға қол қойылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер