Қазақстандағы Арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартудың басты алаңдарының біріне айналды. Заманауи инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер, корпоративтік табыс, жер, мүлік салықтарынан босату. Арнайы аймақтарда инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлар туралы Қарағандыда өткен халықаралық форумда айтылды. Отандық кәсіпкерлер мен  шетелдік инвесторлар еліміздегі 11 экономикалық аймақтың бүгінгі жай-күйімен танысып шықты. Жалпы, өңірлерде нақты салалық бағытта үш арнайы экономикалық аймақ құрған болатын. Соның ішінде Қарағанды облысы металлургия мен машина құрылысын қарқынды дамытып келеді. «Сарыарқа» индустриялық аймағы отқа төзімді бұйымдар мен шарлы крандар жасап, ескі көліктерді кәдеге асырып құрыш өндіреді. Болашақта бұл аймақта тағы алты жоба өз жұмысын бастайды.   

АЛМАЗ АЙДАРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Облысымыздағы экономикалық аймақта инвесторларға тиімді жағдайлар жасалған. Индустриялық алаң шикізат алынатын орындарға жақын орналасқандығымен қоса, арзан электр қуатын алуға да мүмкіндік бар. Қазір біздің әр инвесторға 50 мегаватт көлемінде электр қуатын беруге қауқарымыз жетеді.

МИКИ ВАДЗИМА, ЖАПОНИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда инвестициясы бүгінгі күні 9 есеге артты. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен, ірі инвестициялық жобаларды ұлғайту бағытында әлі де жұмыс жасау керек. Біз әрі экология мен су технологияларын дамыту жолдарына арналған жобаларды жүзеге асыруды ұсынып отырмыз.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы да нақты бір бағытқа бағдарланған. Оның негізгі мақсаты – мақта өңдейтін жоғары технологиялық өндірісті, өнеркәсіптің тоқыма және тігін саласын кешенді дамыту. Бүгінде аймақта 10 фабрика үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту үшін осы істі ұршықша иіріп отырған түрік іскерлерімен ынтымақтастық орнатылды. Жақында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының топ менеджерлері Ыстамбұл сауда палатасында болып, ең беделді деген 30 кәсіпорынның басшыларымен В2В форматында жүздесті.

МЕДЕУ ДІЛДАБАЕВ, «ОҢТҮСТІК» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазіргі таңда Түркия инвесторларының тоқыма өнеркәсібі саласындағы рөлі өте маңызды. Өйткені олар әлемде тоқыма саласы бойынша алғашқы орында тұр. Қазақстан экономикалық одаққа, кедендік одаққа кіргеннен бері 200 миллиондық нарық ашылып отыр. Олар да үлкен қызығушылық танытып жатыр.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 2017-2018 жылдары отандық және шетелдік капиталдың атсалысуымен 17 жаңа өндіріс орны іске қосылуға тиіс. Оның ішінде төртеуі жыл соңына дейін іске қосылады.    

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер