Өзбекстан көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтып, аймақтық интеграцияға шақырады. Өзгелерге өз нарығын ашып, сауда байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге басымдық бермек. Атап өтерлігі, өзбек елі халқының саны бойынша Орталық Азиядағы ең ірі нарық саналады. 32 млн тұтынушыға өз өнімін ұсыну мүмкіндігін Қазақстан компаниялары да пайдалануға ниетті. Осы мақсатта отандық өндірушілер Ташкентте өткен «UZAGROEXPO-2017» ауыршаруашылық көрмесіне қатысты.

СЕРГЕЙ ЧЖАН, АРАЛАС ЖЕМ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТЫҢ САТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ /ҚАЗАҚСТАН/:

 - Қазіргі таңда Өзбекстан, Ауғанстан мен Иран елімен алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатыр. Біз мүмкіндігінше өнімімізге қызығушылық танытып жатқан сатып алушылармен жұмыс жүргізетін боламыз. 

Қазақстан осыған дейін көрші мемлекетке мұнай мен темірді, азық-түлік пен трансформаторды тасымалдайтын. Ал биылғы көрмеде отандық кәсіпорындар бірқатар келісімге қол жеткізді. Мысалы, Алматылық пластмасса бұйымдарын жасайтын кәсіпорын өнімдерін енді өзбекстандықтар да тұтынатын болды. Тіпті, тауарды жеткізу жағы да келісіліпті. Өнім тасымалдауда теміржолдың және «Батыс Еуропа– Батыс Қытай» тас жолының бағыттары пайдаланылмақ.   

НАИЛЯ ТАШБАЕВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ КОМПАНИЯНЫҢ PR-МЕНЕДЖЕРІ:

 - Біздің ойымызша, бұл іс шара Өзбекстандық кәсіпкерлердің шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып жаңа бірлескен кәсіпорындардың ашылуына негіз болады. Іскерлік байланыс артады. Басты мақсат – аймақтағы ауылшаруашылығы өндірісін одан әрі дамыту.

«UZAGROEXPO-2017» көрмесінде әлемнің 16 мемлекетінен 120-ға жуық кәсіпорын өз тауарларын таныстырды. Дүние жүзінің ең ірі кәсіпорындары жеңіл өнеркәсіптен бастап ауылшаруашылығына қажетті өнімдерді әкеліпті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер