Жеңіл өнеркәсіп Қазақстан экономикасының күретамырына айналуы мүмкін. Бір Консорциумға біріккен отандық тауар өндірушілер саладағы жергілікті өнім үлесін жүз пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл батыл мақсатты олар алдағы бес жылдың ішінде орындауды көздейді. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні отандық тауарлардың өндірісінде қолданылатын шикізаттың үлесі 45 пайызды құрайды.

ГҮЛМИРА УӘХИТОВА, «ЖАСАМПАЗ» КОНСОРЦИУМЫ АТҚАРУШЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Бірлестіктің көздеген басты мақсаты – бүкіл шикізат кәсіпорындарын біріктіріп, біздің тігін фабрикаларын қазақстандық шикізатпен толықтай қамтамасыз ету. Осылайша, елімізде жасалатын киім-кешектегі отандық үлес артады.

Құрамына 30 компания кірген консорциум мүшелері Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен жұмыс істеп, қазақстандық армияны толықтай киіндіреді. Отандық үлес «100 пайыздық межеге жетуі керек» деген қағиданы қатаң ұстанған мына кәсіпорын өз өндірісіне 6,2 млрд теңге меншікті инвестиция салып жатыр. Бұл дегеніміз, көздеген мақсаттың 90 пайыз орындалғаны.  

ШОЛПАН НҰРҒАЛИЕВА, ТІГІН ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Инвестициялық бағдарламаға сәйкес, біздің кәсіпорын костюм тігу міндетін мойнына алды. Осыған байланысты жоғары технологиялық германиялық құрал-жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде,  технологиялық талаптарға сай 113 құрылғы орнатылды. Бұл тәулігіне 300 костюм шығаруға мүмкіндік береді.

Соңғы екі жылдың статистикасына сүйенсек, консорциум 5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, былтыр 3,8 млрд теңге салық төлеген. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда 64 пайызға артық. Алға қойылған мақсат – импортты ығыстырып, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толық қамтамасыз ету.

ГҮЛМИРА УӘХИТОВА, КОНСОРЦИУМ АТҚАРУШЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Біздің міндетіміз –  мемлекетке жүктемей, бизнес өкілдеріне өз бетімен күш біріктіріп, бірігуге көмектесу. Қазіргі кезде біз бәсекеге қабілетті өнім шығарып отырмыз. Сол тауарларды әскеріміз ғана емес, әрбір қазақстандық тұтынса, тіпті біздің өнімдер келешекте сыртқы нарықтан да лайықты орын ала алатынына сенім мол.

Жеңіл өнеркәсіпке қажет кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Осылайша, бір мақсатқа жұмыла білген өндірушілер саланы өркендетіп, еңсесін тіктеуге барынша күш салмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер