Соңғы алты айда Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы екі жақты сауда айналымының көлемі 13 млрд евроны құрады. Өткен жылмен салыстырғандағы өсім 31 пайызға тең. Еуроодақ пен Еуропалық коммиссия мүшелерінің қатысуымен Астанада өткен жиында осындай мәлімет жарияланды. Сонымен қатар, аталмыш отырыста сауда байланысын жақсартып, техникалық кедергілерді жою мәселесі талқыланды.  

ТОРҒЫН ЗАУРБЕКОВА, ҚР ҰЭМ САУДА САЯСАТЫ ДАМУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Еуродақтың шеттен келетін тауарларға қоятын талаптары жоғары. Соның бәрін ескеріп, біздің тауардың сапасына егжей-тегжейлі мән берген жөн. Біздің өнімдер Еуропа нарығына еркін еніп кетуі керек. Мұндай келелі кеңес жүргізген семинарлар біздің халықаралық деңгейімізді өсіріп, басқа елдермен сауда саттық байланыс орнатуға мол мүмкіндік береді.  

Бұл семинар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы  ынтымақтастық пен келісімді нығайтып, серіктестікті арттыруға бағытталған. Еуропалық сарапшылардың пікірінше, техникалық кедергілерді жойып, зияткерлік меншік құқық мәселесін қайта қарау керек. Сонда отандық тауардың айналымын көбейтіп, көлемін еселейміз. Бұдан елімізге инвесторлардың қызығушылығы арта түседі.

ДАЙНИС МАТУЛИС, ЕО ЭКСПЕРТІ /ЛАТВИЯ/:

 - TAIEX семинары жыл сайын өткізіледі. Мұндағы мақсат– ЕО елдері арасында өзара тәжірибе алмасу, техникалық талаптарды ортақ саралау. Өздеріңіз білетіндей, техникалық заңнама жаңа тауарлардың нарыққа шығуына тосқауыл жасауы мүмкін. Біз кедергілерді мейлінше бірге шешіп, іскерлік ортада бірізділік қалыптастырғымыз келеді. Сонда елдер арасындағы саудада қажетсіз кедергілер жойылып, белгілі стандарт қалыптасып, тәртіп орнайды.

Атап өтерлігі, Еуропалық Одақ Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі болып табылады. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының және ел экономикасына тартылған шетелдік капиталдың жартысына жуығы осы одақ елдерінің үлесінде. Өз кезегінде, Қазақстан да ЕуроОдақтың ірі сауда серіктестерінің қатарында. Республика кәрі құрлық нарығына минералдық өнімдер, металл және агродақылдар жеткізеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер