Орталық Азия аймағының инвестициялық тартымдылығы халықаралық қаржы институттарының қызығушылығын тудырып отыр. Ірі жобаларға даму банктері де қаражат бағыттауда. Қосымша құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді қолдауға ерекше ден қойылуда. Экономиканың энерготиімділігін арттыруға арналған жобалар да басты назарда. Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияға деген қызығушылық, ең алдымен, елдердің экономикалық өсіміне байланысты. Тұрақты саяси жағдай да маңызды рөл атқарады. Мұнымен қоса, аймақтағы тұрғындар саны 70 миллион адамға жақындап отыр.

МҰРАТ ӘЛКЕНОВ, ЕАДБ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз энергетика, коммуникация салаларындағы бірқатар инфрақұрлымдық нысандарды, сондай-ақ, металлургия және пайдалы қазбалар өндірісімен байланысты жобаларды қаржыландырамыз. Олардың жалпы құны 30 млн доллардан асады. Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан сынды Орталық Азия елдеріндегі бірқатар жобаларға қаражат бөлеміз.

Сарапшылардың айтуынша, халықаралық қаржы институттарының портфелінде Орталық Азия елдері арасында ең үлкен үлес қазақстандық жобаларға тиесілі. Мысалы, Азия даму банкі 2021 жылға дейін Қазақстанға 3 млрд доллар инвестиция бағыттамақ. Қаржыландырудың басым бағыттары қатарында мемлекеттік-жеке-меншік серіктестікті дамыту, агробизнес, ауыл шаруашылығын қолдау мен жасыл экономиканы дамыту бар. Сондай жобалардың бірі – су ресурстарын интеграцияланған басқарудың білім орталығын құру. Ол Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы барлық тәжірибесі мен шешімдерін жинақтайды деп көзделуде. Кейін ол тәжірибені аймақтағы көрші елдермен бөлісу жоспарланған.

ДЖОВАННИ КАПАННЕЛЛИ, АДБ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ол су ресурстары жөніндегі барлық мәліметтерді бір жерге жинақтайтын бірыңғай орталыққа айналмақ. Қазір бұл мәселемен бірнеше министрлік, өзге де ұйымдар айналысуда. Сондай-ақ, ол технологияларды дамыту орталығы бола алады. Қазақстанда 2 жерсерігі бар. Алайда олардың мүмкіндіктері толыққанды пайдаланылмай отырғаны анық. Қазірде жерсерігінен жасалынатын фотосуреттер тегін және оларды су тасқыны сынды табиғи құбылыстардың алдын алуға қолдануға болады. Орталық қызметінің тағы бір бағыты осы болмақ.

Аймаққа бағытталған инвестицияның өсімі Орталық Азия елдерінің маңыздылығын аңғартады,-дейді сарапшылар. Өйткені аймақтың экономикасы жақсарып  отыр. Транзиттік-көліктік әлеуеті де дамуда. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер