Отандық мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру – Елбасы Жолдауында көрсетілген міндет. Саланың жаңа нарықты бағындыру бойынша мүмкіндіктері кең, дейді сарапшылар. Өйткені сырт елдерде экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары. Жақында «Қазақстан ет одағы» бірлестігі Қытайға ірі көлемде мал жеткізу туралы келісімге қол қойды. Бірлестік төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, жоспар бойынша жыл сайын Қытайға 240 мың бас ірі қара, жылқы және уақ мал сатылады. Сонымен бірге, Қытай инвесторлары Қазақстандағы 2017-2024-ші жылдарға арналған ірі қара малын өсіру жобасына 600 миллион доллар инвестиция салуға ниетті.

МАҚСҰТ БАҚТЫБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ЕТ ОДАҒЫ» БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл мемлекет тарапынан жүргізілген үлкен жұмыстың нәтижесі. Бізде заман талабына сай австралиялық немесе америкалық технологиядан кем түспейтін  инфрақұрылым салынды. Ал 2010-2015 жылдардағы шетелдерден әкелінген мал тұқымы Қазақстанда өндірілетін ет сапасын жақсартты. Бұл келісімдер алдағы 5-7 жылдың ішінде еліміздегі үлкен және шағын фермерліктің дамуына үлес қосады деп ойлаймын.

Батысқазақстандық шаруашылықтар да экспортқа шығарылатын ет пен ет өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүдделі. Күні бүгінге дейін Иран, Қытай және Ресей елдеріне марқа етін жіберу жөнінде келісімшарттар жасалған.

НАСЫР КЯРЕМИ, ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Ветеринарлық бақылау қызметінің өкілі ретінде маған осы батысқазақстандық комбинаттардағы ет сапасын қадағалау міндеті жүктелген. Бұл кешен барық халықаралық талаптарды бұлжытпай орындап отыр. Еттің сапасы да өте жоғары. Бұл жолы біз 20 тоннаға тарта мұздатылған етті елімізге алып кетеміз. Жалпы, 10 мың тонна дайын өнім алатынымыз жөнінде келісімшарт жасастық.

Осы Батыс Қазақстан облысының Зелёнов ауданындағы ауылшаруашылық өндірістік кооперативі де экпортты еселеуге үлес қосып отыр. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы шаруаларға тиімді шарттармен несие берілді. Кооператив өңірдегі шұжық өңдейтін кәсіпорындар мен өзге де сауда желілеріне ет жеткізбек ниетте.

НИКОЛАЙ СУПРУН, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бастапқыда біз өз өнімдерімізді экспортқа шығарамыз деп ойлаған жоқпыз. Енді өнім көлемі көбейді. Етті Ресей Федерациясына жеткізу жөнінде нақты келісімдеріміз бар. Көршілерімізге айына 20 тоннаға дейін сиыр етін, 20 тонна қой етін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Батыс Қазақстан өңірінің ішкі сұранысын өтеуге 50 мың тоннадай ет қажет болады. Сонымен қатар, экспорт көлемі 7%-ға артып отыр. Жыл соңына дейін сыртқы нарыққа 2 мың тоннадай сиыр етін шығару жоспарда. Ал жыл басынан бері шетелге шығарылған қой етінің жалпы көлемі 200 тоннадан асқан.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер