Қазақстан мен Орталық Азия елдері сауда-экономикалық қатынастарды нығайтады. Осы ретте көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту аса маңызды. «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» темір жолы және елімізді Қырғызстан мен Өзбекстанмен байланыстыратын  М-39 автожолы сондай жобалардың қатарында. Олар арқылы аймақ елдері арасындағы жүк тасымалын айтарлықтай арттыру көзделуде. Еліміздің Орталық Азия мемлекеттерімен сауда қатынасы жыл санап артып келеді. Kazakh Invest ұлттық компаниясының мәліметтеріне сәйкес, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен.

МЕЙІРЖАН МӘЙКЕНОВ, «KAZAKH INVEST» БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Соңғы жылдары тауар айналымы айтарлықтай артуда. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 2 млрд-қа жетті. Орталық Азия – 52 млн тұрғыны бар алып нарық. Бұл Қазақстандағы халық санынан 3 есе артық. Сондықтан аймақта тығыз әріптестік орнатып, Орталық Азия елдеріне тауар экспорттау Қазақстан үшін аса тиімді. Аймақтың жалпы тауар айналымындағы Қазақстанның үлесі – 8. Аз сома емес.

Қазақстан Орталық Азияға ұннан бөлек, күріш, май, өзге де азық-түлік өнімдерін экспорттайды. Осыдан 2 жыл бұрын отандық темір жол, автокөлік техника, локомотивтер мен құрылыс материалдарын шет елге жөнелту жолға қойылды. «Қазіргі таңда Қазақстанның Өзбекстан нарығына қызығушылығы артып отыр,-дейді сарапшылар. Қарқынды дамып келе жатқан 32 млн тұрғыны бар көрші елдің нарығы жергілікті кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер ашуда. Қазіргі таңда Өзбекстан қаржы операциялары мен валюта айырбастау мәселелерін жетілдіруде.

ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

 - Биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 35 пайызға артты. Бұл өте үлкен сома, ол экономикалық қатынастың әлеуетін көрсетеді. Тауар айналымының көрсеткіші бойынша Қазақстан Өзбекстанның үшінші сауда серіктесі. Өзбекстанға инвестиция жасау аса тиімді болмақ.  Өйткені алдағы 5 жылда бұл елдің экономикасы қарқынды дамиды деген болжам бар.

Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстанмен сауда-экономикалық әріптестікті дамыту басым бағыттардың бірі. Бұл әріптестік болашақта аймақтың дамуына ашады жол,-дейді мамандар.

ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

– Қазақстан тек прагматикалық бағытты ұстанады. Елдің Орталық Азиядағы қызығушылықтары саяси, геосаяси мақсаттарды көздемейді. Тек экономикалық сипатқа ғана ие. Қазақстанның мұқият сараланып, тиімді әрі прогматикалық ұстанымын сарапшылар қауымының басым бөлігі де қолдайды.

Келешекте Орталық Азияға қазақстандық өнімдердің экспорты арта береді деген сенім зор. Kazakh Invest-тегілердің айтуынша, бүгінгі күні аймақ елдерінің әрбірі үшін Қазақстан басты импортер мемлекет атанып отыр. Бұған бірінші кезекте географиялық тиімді орналасу мен достық қарым-қатынас ықпал еткені анық, дейді сарапшылар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер