Латвияның Вентспилс қаласындағы Еркін кемежай аймағындағы астық терминалында жаңа әмбебап қойманың құрылысы аяқталды. Қазақстандық компанияның бұл бекеті артып-тиелетін жүк түрлерін әлдеқайда арттырады. Жаңадан іске қосылған қойманың көмегімен ендігі жерде кез келген ауыл шаруашылығы тауарларын «теңізге» де «теңізден» де ауыстырып тиейтін әмбебап терминалға айналып отыр. Оның жалпы сыйымдылығы 70-тен 100 мың тоннаға дейін ұлғая түсті.

ВЛАДИСЛАВ ШАФРАНСКИЙ, VENTSPILS GRAIN TERMINAL БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұрын біз Панамаксқа экспорт үшін тек 75 тонна бидай мен арпа жүктей алсақ, бүгінде әмбебап қойманың болуы кең ассортиментте ауыл шаруашылығы тауарларын жүктеуге мүмкіндік береді. Олар: күнжара, қызылша жомы, жүгері, күнбағыс, зығыр, рапс тұқымы. Сондай-ақ біз енді қант шикізатын, соя бұршағын, соя күнжарасын импорттауға да мүмкіндігіміз бар.

Жаңа қоймада кемелерді тиеуге арналған бункерлік таразы, вагондарға арналған жүк тиеу стансасы, кемелерді немесе жер үсті көлігін тиеу мен түсіруге арналған жаңа технологиялық желілер бар. Қала басшылығы қазақстандық инвесторлардың Вентспилс портының инфрақұрылымы мен мүмкіндіктерін дамытып жатқанына дән риза.

ДИДЗИС ОШЕНИКЕС, ВЕНТСПИЛС ВИЦЕ-МЭРІ:

 - Мекемеде ауылшаруашылық өнімдерін 30 мың тоннаға дейін сақтауға болады. Бұл - порттағы қалған инфрақұрылымды барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді- вагондарды артық шығынсыз тез арада босатып, кемелерден жүкті аз уақытта түсіруге жағдай жасалды. Осы арқылы бәсекелестерге қарағанда артықшылығымыз артты. Жалпы, қала үшін осы терминалды дамыту өте маңызды, себебі тұрғындарға жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төленеді. Қазірдің өзінде терминалда 60-тан астам адам жұмыс істейді.

Жаңа қойма құрылысының арқасында астық терминалының өткізу қабілеті жылына 2 млн тоннаға дейін артады. Бұл Вентспилс кемежайы үшін де жағымды жаңалық.

ГУНТИС ДРУНКА, ВЕНТСПИЛС ЕРКІН КЕМЕЖАЙ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Транзитке байланысты осындай геосаяси мәселелер туындаған кезде, бәсекелестікті дамыту үшін өздері айналыспаған тауарларды тасымалдауға мүмкіндік тапқан кәсіпкерлердің табылып жатқаны бізді әрине қуантады. Сол себепті бұл біздің кемежай үшін шынымен де керемет және ерекше күн деп айта аламын.

Жобаны іске асыру нәтижесінде «Вентспилс астық терминалы» Балтық өңіріндегі ең заманауи әрі бәсекеге қабілетті кешенге айналды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер