Қазақстан мен Ресей аймақтарының ынтымақтастығы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарға оң әсерін тигізіп отыр. Мысалы, өткен жылы Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы сыртқы сауда айналымы 800 млн доллардан асып жығылған. Биылғы 8 айдың өзінде 747 млн долларға жетті. Бұл қаржының 22%-ы Орынбор облысына тиесілі. Екі облыс арасындағы тауар айналымы биыл 3 есеге өскен. Шағын және орта бизнеспен қатар, ауыл шарушылығы саласындағы әріптестік те нығайып, бірлескен кәсіпорындар ашылды. Жалпы, Ақтөбе облысында ресейлік капиталдың қатысуымен 500-ден астам кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

 - Биыл екі облыс арасындағы тауар айналымы 3 есеге дейін өсіп, 120 млн АҚШ долларын құрады. Бұл дегеніміз, біздің жалпы Ресеймен арадағы тауар айналымының 27 пайызын құрайды. Орынбор және Ақтөбе кәсіпкерлері қатысқан бизнес жобалар байқауы да екі мемлекет арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

АНАР ДӘРЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Тек ірі бизнес саласында емес, бүгінгі күні кіші және орта бизнес саласында да біздің Ақтөбенің кәсіпкерлері Ресей өңірінде тауарларын апарып, өз қызметтерін көрсетуде. Биылғы 8 айдың ішінде 171 млн доллар екі облыс арасындағы сауда айналымы болса, бұл өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда, 3 есеге үлкен.

Тағы бір өңір – Солтүсті Қазақстан облысының Ресеймен арадағы тауар айналымы артқан. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, ол 213 млн долларды құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегіден 30 пайызға көп. Қазір екі елдің барыс-келісі, алыс-берісі келісіп-ақ тұр. Бірлескен жобалар сәтті жүзеге асып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Петропавлдағы кондитерлік фабрика бірнеше жылдан бері өз өнімдерін Ресейдің бірнеше өңіріне экспорттап келеді. Енді Екатеринбург пен Уфа қаласының нарығына шығуды жоспарлап отыр.

ЛЕЙЛА САЙДАШЕВА, КОНДИТЕРЛІК ФАБРИКА ДИРЕКТОРЫ:

 - Экспорттың арқасында біздің кәсіпорын одан әрі дами түсті. Өнім еш қоспасыз, экологиялық таза. Сондықтан көрші елде үлкен сұранысқа ие. Ресеймен әріптестік орнатқанымызға 10 жылдан асты. Ешқандай проблема жоқ.

Павлодар облысы болса, Ертіс өзені арқылы Ресейге шағыл, көмір, тұз тасымалдап отыр. Ресейден Қазақстанға ағаш жеткізіледі. Соңғы екі жылда өзен арқылы жүк тасу көлемі екі есеге өскен. Павлодардың «Өзен порты» ағымдағы жылы Ертіс арқылы 2 миллион тоннаға жуық жүк тасымалдаған. Оның көлемін арттыру мақсатында қазір өзен түбін тереңдету, сағасын тазалау шаралары қолға алынуда. Сөйтіп су жолдарын дамыту көзделген.

ТӨЛЕГЕН КҮЛЖАНОВ, «ПАВЛОДАР ӨЗЕН ПОРТЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан тарапынан өзен түбін тазалау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл жерде кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер