Қытай Халық Республикасы Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті. Екі ел агроғылыми саланы ұштастыруға ерекше басымдық бермек. Келер жылы мәселені пысықтау үшін екі ел ғалымдарының кездесуі жоспарланды.

СЮЙ МИН, ҚЫТАЙ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Министр Мырзаxметовтың Қытайдың агроғылыми зерттеу академиясын өте жақсы білетіні қатты таңғалдырды. Мен оған біздегі агроғылыми жобаларды таныстырдым. Ол екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету керектігін баса айтты. Әсіресе агроғылым саласындағы әріптестікті жандандыру екі елге де тиімді.

Қытайда ауылшаруашылығы кооперациясы жақсы дамыған. Көршіміз бұл саладағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Қытай министрлігінің мұрындық болуымен елімізге арнайы жұмыс тобы келмек. Сонымен бірге, қазақстандық агроөндірістік кешенге инвестиция тарту мен осы саладағы сауда-саттықты арттыру бойынша жобалар қолға алынбақ.

ЛИ ХУНСИН, КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ /ҚЫТАЙ/:

 - Біз үшін кездесу жемісті аяқталды. 3 меморандум мен бір келісімшартқа қол қойдық. Алдағы уақытта қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп агробиржасын құрмақпыз. Қытай тарапы инвестициялық және қаржылық қызметтерге жауапты болады. Теxникалық қолдау мен қызметкерлер дайындауға Далянь биржасы көмек жасайды. Өйткені қазір Далянь ауыл шауашылығы өнімдерін биржада сатуда әлемде алдыңғы орында.

НҰРЛЫБЕК МАЛЕЛОВ, «ҚАЗАГРО» ҰБХ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Келісім бойынша Астана қаржы орталығының базасында Дальян биржа үлгісіндегі сауда алаңын құруымыз мүмкін. Бұл бізге не береді? Бұл біздің фермерлер үшін әлемдік нарыққа бейімделуге мүмкіндік береді. Қытайлық сатып алушылар үшін де тиімді. Олар қай тауарды қайдан алатынын біліп отырады.

Бұдан бөлек, қазақ диқандарының астығы алып елдің нарығына шығарылатын болды. Таяуда Қытайға 20 мың тонна бидай мен 2 мың тонна өсімдік майы жөнелтіледі. Шығыстағы көршіміз Қазақстандағы 2017-2024-ші жылдарға арналған ірі қара малын өсіру жобасына да 600 миллион доллар инвестиция салуға келісіп отыр. Көрші елдің инвесторлары алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында құны 100 миллион АҚШ долларын құрайтын агроиндустриялық кешен салмақ. Дәл осындай сомаға жоғары санатты бидайды терең өңдейтін кәсіпорын іске қосу да жоспарда бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер